Жалған екпе: ШҚО бойынша 365 іс әшкереленді
фото: depositphotos.com
Облыстық прокуратура жалған қызылша екпесіне қатысты 365 факті, екпе алудан медициналық негізсіз бас тартуға қатысты 55 факті анықтады.
Сонымен қатар медициналық мекемелер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзудың 11 түріне жол берген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратураның ресми сайтындағы деректерге сүйенсек, қазір аталған істерге жауапты лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту және заң бұзушылықтарды жою шаралары жүргізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың басынан бері елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. Бұл жағдай ЮНИСЕФ есебінде атап өтілді. Әлемде Қазақстан қызылшамен ең көп ауыратын елдің қатарына жатады.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрігерінің қаулыларымен қызылша бойынша жағдайды жақсарту үшін бірқатар санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-профилактикалық іс-шаралар қабылданған болатын. Бұл инфекцияның алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация.