ШҚО әкімдігінің мәжілісіне алғаш рет ауылдық округ әкімдері қатысты
Бүгінгі облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі жаңаша форматта өтіп, оған аймағымыздағы ауылдар мен кенттердің, шағын қалалардың әкімдері шақырылды. Кент әкімдері халықпен тікелей жұмыс істейді, сондықтан жергілікті тұрғындарды не толғандыратынын жақсы біледі. Мұндай жиындар олар үшін халықтың көкейіндегі сұрақтарды қоюға және құзырлы органдар басшыларынан жауап алуға тамаша мүмкіндік.
Жиын барысында өзге сұрақтармен қатар, алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Биыл облыс көлемінде жылу көздері мен жылу желілеріндегі жұмыстарға 20,8 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Үш жылу электр орталығы, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың 32 аудандық және 201 автономды қазандығы ретке келтірілмек.
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, облыстағы 56,2 шақырым жылу желілерін жаңғырту жұмыстары шамамен 5 пайызға, яғни 55,6 пайызға дейін қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев өткен жылу маусымындағы кеткен кемшіліктерді ескере отырып, Риддер қаласындағы жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға айрықша мән беруді тапсырды. Сондай-ақ өңірде мұндай жағдайлар енді қайталанбауға тиіс екенін ескертті. Еске салайық, Риддердегі жылу жүйесінде жер үсті жылыту қазандықтарын, қосалқы жабдықтарды, электр бөлшектерін қайта құру сияқты күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жылу желілері, барлығы 55 аумақта 18,9 шақырым құбыр ауыстырылып, жөнделеді. Жылу электр орталығын күрделі жөндеу жұмыстары 5,5 миллиард теңгені қажет етеді.
Айта кетейік, облыс әкімі жылыту маусымына дайындық барысында коммуналдық қызмет көрсетумен қатар, тұрғындар тарапынан өзі үйлерін жылытуды қадағалауын тапсырды. Сондай-ақ, жылыту маусымына дейін тұрғындарға дайындық барысы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айта кетті. Бұл мәселеде Ермек Көшербаев жауапкершілік негізінен жергілікті әкімдерге жүктелетінін хабарлады.
Өткен жылдың желтоқсан айында «ЛК ГЭС» су электр бекетінен рұқсатсыз су ағызылып, Риддердегі бірнеше тұрғын үйдің аумағын су басқан болатын. Бұл ретте меншік иесі залалды өтеуге қатысты барлық мәселе шешілетініне уәде берген-ді. Алайда, осы уақытқа дейін уәдеге сай ешқандай әрекет жасалмаған. Бұл мәселе де облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында талқыланды.
- Келісім бойынша меншік иесі аталған мәселені шешуге уәде берген. Жауапты тұлғаның сөзіне құлақ асып, жағдайды реттейді дегенге сендік. Енді, біз зардап шеккен тұрғындарға заңды жүзінде көмектесуіміз керек, - деді Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы барлық гидротехникалық құрылыстың: бөгеттердің мен су қоймаларының жағдайын тексеру қажеттігін атап өтті. Олардың жағдайына үнемі мониторинг жүргізілуге тиіс. Айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін жазғы маусымда жөндеу жұмыстарын бастау қажет. Облыс әкімі бұл жұмысқа айрықша мән беруді тапсырды.
Облыста ауылдық елді мекендерді жүйелі түрде дамыту қолға алынды. Атап айтқанда, 50-ден аса көп ауласы мен бұрын-соңды асфальтталмаған мектебі бар 79 шағын ауылда жол жамылғысын төсеу жоспарда бар. Биыл аталған ауылдарың 25-інде асфальттау жұмыстары басталады. Сонымен қатар, бұл аймақтарда көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, балалар мен спорт алаңдарын тұрғызу сынды абаттандыру жобалары жүзеге асады.
Жиында жаз мезгілінде мектеп оқушыларына арналған демалыс маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Мамырдың 25-де Шығыс Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Барлығы 97 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтады. Түлектер емтиханға дайындалып жатқанда, кішкентай білім алушылар көптен күткен жазғы демалысын естен кетпестей етіп өткізуге тырысады. Биыл 487 жазғы лагерь жұмыс істейді. 8,5 мыңнан астам оқушы ауылдық балалар лагерінде демалатын болады. Оның ішінде оқу жылын үздік аяқтаған немесе олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары атанған жеті жүзге жуық ауыл баласы бар. Олар «Жаздық жолдама» республикалық жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен «Дарын» лагеріне барады.
ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева 200 жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және туристік жарыстардың жеңімпаздары үшін моторлы кемеде алғаш рет Бұқтырма су қоймасы бойымен қызықты экскурсиялар ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ биылғы жазда Самар ауданында әскери-спорттық қалашық жұмыс істейтінін айтты.
Балалар жазғы демалысын тек ойын-сауыққа арнамай, сонымен қатар білімін де жетілдірмек. Ағымдағы жылы балалар мен ата-аналар тарапынан оң бағаланған «Қонақжай отбасы» жобасы жалғасын табады. Өскемен, Риддер қалалары, сонымен қатар Глубокое, Шемонаиха мен Алтай аудандарынан келген жүз бала Катонқарағай өңіріндегі отбасыларнда тұрып, қазақ тілі бойынша білімдерін жетілдіретін болады. Ал Зайсан және Тарбағатай аудандарының 20 баласы Глубокое мен Риддерге барып, орыс тілін меңгереді.
Басшылық облыс аумағындағы лагерлерге еліміздің өзге аймақтарындағы балаларды шақыруды жоспарлап отыр. Олар қанатқақты жобаны су тасқынынан зардап шеккен облыстардың мектеп оқушыларынан бастауды көздеуде. Облыс әкімі Шығыс Қазақстанның географиялық-климаттық жағдайы мұнда жыл 12 ай бойы балалардың демалып, денсаулығын жақсартуына мүмкіндік беретінін және облыстың осы бір артықшылығын ұтымды пайдалану керектігін айтты. Болашақта елдің Шығысында мектеп оқушыларына арналған республикалық деңгейдегі лагерлер пайда болуы мүмкін.
Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында 77 орман өрті орын алған. Өрттен келтірілген шығын мөлшері 35,5 миллион теңгені құрады. Өртенген аумақ – 502 гектар. Бұл 2022 жылдың дәл осындай өрт қауіпті кезеңімен салыстырғанда 31 есе аз. Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржановтың айтуынша, өрт сөндіру қызметі мен орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің келісілген және жергілікті атқарушы органның жедел әрекетінің арқасында өрттер аумағы мен материалдық шығын мөлшері он есеге азайған.
Биыл облыста өрт сөндіру маусымы 8 сәуірде басталды. Орман өрттерін жою үшін азаматтық қорғаныс күштерінен, жергілікті полиция қызметінен, орман шаруашылығы мекемелерінен және жергілікті атқарушы органдардан 279 адамнан тұратын 50 бірлескен мобильді топ құрылды. Қазірдің өзінде 129 рейдтік іс-шара өткізілді.
Жалпы, кеңейтілген отырыста облыстағы азық-түлік қауіпсіздігі мен ет өңдеуден бастап, туристік бизнеске дейінгі мәселелер талқыланды.
– Ауылдардың қазіргі жағдайы шынымен де, сондағы басшыларға байланысты. Басшылық болған соң, кез келген төтенше жағдайға уақтылы әрекет етіп, толық өз қолымызға ала білуіміз керек. Ауыл әкімдері нағыз тәжірибесі толысқан буын, ал халық осындай әкімдерге қарап бой түзейді, – деп түйіндеді сөзін Ермек Көшербаев.