KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, СБ
487.24 529.34 5.02

ШҚО-да жылу энергетиктеріне сұраныс жоғары

Фото: ШҚТУ
Фото: ШҚТУ
30.05.2024, 15:11 241 Айжанат Бақытқызы

Өңірдегі жылу энергетикасы саласының жоғары білімді инженерлерін даярлайтын бірегей оқу орны – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Аталған оқу орнындағы сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы, PhD докторы, қауымдастырылған профессор, Қазақстанның Құрметті энергетигі Айбек Акаевтың сөзінше, қазір білім ордасында электр энергетикасы мен жылу энергетикасына ортақ білім беру бағдарламасы бойынша 100-ге тарта студент оқиды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ал нақты жылу энергетикасы мамандығы бойынша былтыр 10 түлек бітірсе, биыл сегіз түлек тәмамдайды. Дәл қазір осы мамандық бойынша оқып шыққан жастар аз болғанымен, келешекте өсу бар. Өйткені, биыл төртінші курсты сегіз студент аяқтайтын болса, үшінші курста 13, екінші курста 14 және бірінші курста 29 студент оқып жүр.

Айбек Мұратбекұлының айтуынша, аталған мамандық бойынша мемлекеттік грант саны жеткілікті. Одан бөлек жергілікті бюджет есебінен бөлінетін әкім гранттары бар. Студенттер шәкіртақымен, жатақханамен қамтылады. Тек мектеп түлектерінің осы салаға деген қызығушылығы мен талпынысы болса жеткілікті.

Университте оқу мерзімі – орта мектептен кейін төрт жыл, колледжден кейін үш жыл. Студенттер өндірістік практикадан Өскемен жылу-электр орталығы, Өскемен жылу желілері, «Казцинк», Согра жылу-электр орталығында өтеді.

Республикалық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жыл сайын рейтинг жариялайды. Аталған рейтинг бойынша ШҚТУ-дың жылу энергетикасы мамандығы былтыр республика көлемінде төртінші орында болса, биыл екінші орынды иеленіп отыр. Бұл жоғары көрсеткіш. Рейтинг түлектердің жұмысқа орналасуы, мамандардың орташа жалақысы сияқты негізгі критерийлермен анықталады. Жылу энергетикасы мамандығын алып шыққан түлектердің жұмыспен қамтылуы – 100%, өйткені еңбек нарығында сұраныс жоғары. Орташа жалақы – 300 мың теңге көлемінде.

«Таңдаған мамандығым – жылу энергетикасы. Университетте оқу арқылы электр және жылу энергиясын алу жолдары мен әдістерін меңгердім. Әрине, терең білім алуыма кәсіби пән мұғалімдері көмектесті. Сондай-ақ университеттің қолдауымен өндірістік практиканы Өскемен ЖЭО-да өттім. Өндірістік практика теориялық білімімді кәсіпорында қолдануға мүмкіндік берді. Енді осында тұрақты жұмысқа қалуды жоспарлап отырмын», - дейді университеттің 4-курс студенті Бекзат Нұрмұхамет.

Айбек Акаевтың айтуынша, Өскемен ЖЭО мен техникалық университеттің бірлескен жұмысының нәтижесінде кәсіпорын аумағында университет филиалы ашылған. Онда осы мамандықты меңгерудің тәжірибелік жағы көрсетіледі. Енді тағы бір филиалды алдағы қыркүйек айында Согра ЖЭО-да ашу жоспарланып отыр.

Айта кетсек, болжам бойынша жаңадан салынатын ЖЭО-ға жылу энергетика саласының 400-ге жуық маманы, оның ішінде 50-ге тарта инженерлік-техникалық қызметкер қажет болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив