KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

13.06.2024, 09:51 177 Ләззат Қанатқызы

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын мақсат-міндеттердің ең бастысы – қоғамда өз орнын алған саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Дана халқымыз бала тәрбиесіне ежелден мән берген. Тәрбиенің басы тал бесікте тербеліп, ананың әлди үнін естігеннен басталады. Аяулы ананың әдемі әлдиімен сусындап, ардақты әженің ертегін тыңдап, әкенің қамқорлығына бөленіп өскен бала болашақта нағыз халқына қалаулы, еліне елеулі тұлға болып қалыптасады деп сенген.

Іңгәлап, дүние есігін ашқан соң бала ақ парақтай пәк болары анық. Ал сол параққа ақпарат берер – ата-ана, қоршаған орта. Демек, бала тәрбиесіне бір адам емес, барша қоғам жауапты. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – отбасы мен мектептен алған үлгі-өнеге жиынтығының жемісі. Ұрпақ өсіру, оны азамат етіп тәрбиелеу кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Ұл отбасында әкеге қарап, ал қыз анаға қарап өседі. Сондықтан да әр ата-ана балаларының алдында өздерін дұрыс ұстап, ғибраты мол әңгіме айтып, жүріс-тұрысымен, киім киісімен, іс-әрекетімен үлгі бола білуі керек. Психолог мамандар да бұл тұрғыда баланың мінез-құлқы анасының ішінде жатқанда қалыптасатынын айтады.

– Баланың өзін-өзі ұстауы ананың ішінде жатқаннан басталады. Ол кіндік арқылы анасының не ішіп-жегенін, өзін қалай күтетінін, яғни сыртқы қоршаған ортаның әсерін толықтай сезеді. Дүние есігін ашқаннан кейін де анасының бойындағы қасиеті, көңіл-күйі сүті арқылы бойына дариды. Осылайша, баланың мінезі қалыптаса бастайды, – дейді балалар психологы Калима Жайлыбайқызы.

Өткенге көз жүгіртер болсақ, халқымыз бала тәрбиесінде де тамаша салт-дәстүрлерді ұстанғанын көруге болады. Сонау құрсақ тойынан бастап, отау тігіп, шаңырақ көтергенге дейін сан алуан ғұрыппен астасқан.Ал қазір өскелең ұрпағымызды дұрыс тәрбиелеп, қазақи құндылықтарды бойына сіңіре алып жүрміз бе?

–Қазіргі кезде ғаламтор көп дүниені алмастырғаны өтірік емес. Баланың көңілін бөлу үшін телефон ұстатамыз, өзіміздің қолымыз босаса да телефонға телмірген заман болды. Әлемжеліде де түрлі коуч болсын, ментор болсын, психолог болсын курс өткізіп, ақыл айтуға құмартып кетті. Саны бар, сапасы жоқ. Осы орайда жас ата-аналардың назарын бір жайтқа аударғым келеді. Әлеуметтік желіден нақты тексерілмеген, өтірік-шыны аралас ақпаратты оқып алып бала тәрбиесіне қолданады. Мысалы, жақында бір «ақыл-кеңесті» көзім шалды. «Балаға «жоқ» деп айтуға, бетін қайтаруға болмайды. Ол басылып қалады, жасқаншақ болады» дейді. Психолог ретінде оны қолдамаймын. Ондай тәрбиені алған бала мектепте ұстазын, өскеннен кейін ата-анасын тыңдайтынына кім кепіл? Біздің қазақи менталитетке келетін дүние болады, келмейтіні болды. Әр ұлт баласын өз болмысына, дәстүр-ғұрпына қарай өсіреді, – дейді психолог.

«Ұят болады!» ұмытылып барады

«Тәрбие» сөзі араб тілінен аударғанда, «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді. Яғни сәбидің болашағы осы алған тәрбиесіне тікелей қатысты болары хақ. Ата-бабаларымыз: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» – деп бекер айтпаса керек.  ХІХ ғасыр қазақ тұрмысын зерттеушілер қазақтардың әрі қамқор, әрі мейірімді ата-аналар, ал қазақ балаларының мықты, төзімді және алғыр екенін атап өткен. Баланы лайықты тәрбиелеуге қазақтар ұрпағы 5-6 жасқа толғанда ғана шындап кіріскен. Яғни кішкентайынан біртіндеп шамасы келетін үй жұмыстарына тартқан. Ұл балалар үйдегі еркектерге мал қарауға көмектессе, қыз балалар тамақ әзірлеу, кір жуу, үй жинау, жүн өндеу сияқты әйелдердің ісіне қатысып, өзінен кейінгі сіңлілері мен інілерін бағуға көмектесетін.

Дана қазақ ұрпаққа тәрбие беру жолында еш аянып қалған емес. Ана мен баланы зиянды күштерден, тіл мен көзден, жын-шайтаннан қорғауға, сәбидің дені сау болып өсуіне ерекше мән берген. Мұны бағзыдан келе жатқан бабаларымыздың салт-дәстүрінен анық аңғаруға болады. Баланы бесікке бөлеу салты да осы мақсатқа сәйкес келеді. Осы орайда Мұхтар Әуезовтің «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе», – деген сөз еске түседі.

Бесік – Орталық Азия өңірінде ерте кезден қолданылатын тербеткіш. Дәстүрлі қазақ бесігі осы уақытқа дейін пайдаланылады, оның себебі бесіктің өте қарапайым, бірақ сонымен бірге көп әбігерге түспестен баланы таза ұстауға мүмкіндік беретін аса ыңғайлы құрылысына байланысты болса керек, ал бұрынғы заманда көш кезінде сәбиді тасымалдауға қолайлы болған. Бесіктің құрылысында қарастырылған сәбиді жөргекке мықтап құндақтау баланы шыдамдылыққа, төзімділікке баулиды. Ұлтымыз бесікті ешқашан тастаған емес, бір үйдің, тіпті бір әулеттің балалары бір бесікте жатып, өскен. 

– Біз бала кезімізден «ұят болады» деп өскен ұрпақпыз. Қазір заман басқа ғой, баланы еркін өссін деп тәрбиелейді. Мүмкін баланың ашық-жарқын, өз ойын еркін айтатын азамат болуы үшін ол да керек шығар. Бірақ адам бойындағы асыл қасиет – ұятты ұмыт қалдырмау керек. Батыс, Еуропа емес, өз қазағымыздың «ұят болады», «обал болады» деген тәрбиесін естен шығармасақ нұр үстіне нұр болар еді. Ұяттың арғы жағында ағасындай болып ар тұрады. Оның бәрі жоғарыда атап өткеніміздей дүние есігін ашқаннан басталады. Баланы орамай, еркін өссін деп бос қоямыз. Ал сол кездердегі қатқан қазықтай құндақталған сәбидің жаман өскенін көрген жоқпыз. Ата-ананың бір қателігі – өскенде бала өзі түсініп, мені тыңдайды дегені. Еркінсітіп, еркелетеміз деп ұрпағымызды «рухани мүгедек» қылып алмасақ болғаны, – дейді  «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұрия Темірханова.

Бала жаны тым нәзік

Қазір жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюі, жастардың нашақорлығы бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе. Баланың дұрыс азамат болып өсуі немесе қате жолға түсуі көбінесе үлкендерге байланысты. «Баланы – жастан» деген сөздің мазмұны өте терең. Себебі есейіп кеткен соң баласының теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Бүгінгі баланың тәрбиешісі – теледидар, интернет, аула, қоршаған ортасы. Баласының қайда, немен айналысып жүргенінен бейхабар ата-аналар да бар. Десе де кез келген ата-ана баласын жақсы болсын деп тәрбиелейтіні, өз қатарының алды болса екен деп тілейтіні анық. Сәбиінің болашағы үшін отқа да, суға да түсуге дайын екені күмәнсіз. Дейтұрғанмен психолог маман осы тұста ата-ана осалдық танытатынын айтады.

– Алдыма түрлі ата-ана, түрлі бала келеді. Таршылықты сезбесін деп қалағанын әперіп, айтқанын істейтін аналарды жиі кездестіремін. Бірақ сол ғаламтордан болатын «балалық жарақат» деген термин алдымыздан шығады. Көп адам оның байыбына бармай, дұрыс түсінбей жүр. Ата-ана сыртқы факторларға байланысты өз эмоциясын ұстай алмай, баланы себепсіз ұрып-соқса, дауыс көтерсе немесе жазаласа, достарының, көптің көзінше баланың абыройын түсірсе, оның жаны жаралануы мүмкін. Егер балаңыз тәртіп бұзса, ата-анаға, үлкендерге құлақ аспаған жағдайда онымен ашық сөйлесіп, дұрыс түсіндіру қажет. «Балалық жарақат» деп әр нәрседен ақтап алатын болсақ жеткіншектің болашағын өз қолымызбен өзгертуіміз әбден мүмкін, – дейді Калима Жайлыбайқызы.

Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз да солай болмақ. Келешегіміздің иесі балаларды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда.

«Ұл тәрбиелей отырып жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», деген әл-Фарабидің ұлағатты сөзін ескерсек, татулық пен береке ұйыған отбасынан шыққан бала ғана қоғамға пайдалы істермен айналыса алмақ. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, сондықтан қазақ өз баласын тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор, келешекте үлгілі отбасы иесі болғанын қалап тәрбиелеген. Өйткені ұлтымыздың болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу