KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 8 м/с, ОШ
481.68 522.48 5

Катонқарағайда республикалық марафон өтті

29.07.2024, 18:02 348

Катонқарағай ауданында «Qaton-Qaragai Trail Running Races – 2024» марафоны өтті. Спорттық шара «El sport» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Катонқарағай ауданы әкімдігінің көмегімен ұйымдастырылды. Жарыс Берел ауылының маңынан басталып, Шұбарағаш ауылына дейін созылды. Еліміздің қала және аудандарынан келген алпысқа жуық әуесқой желаяқ күннің ыстығы мен жолдың алыстығына қарамастан бақтарын сынады.

«Qaton-Qaragai Trail Running Races – 2024» түрлі жас ерекшеліктері мен дайындық деңгейлеріне қарай бірнеше қашықтықта өтті. Жарысқа қатысушылар 3 км мен 5 км қашықтықты тегіс жолмен Берел мұражайына дейін жүгірді, бұл жас спортшылар мен жүгірумен енді әуестеніп жүргендерге өте қолайлы.

Ал Шұбарағаш ауылына дейін созылған 26 км қашықтық кәсіби шыңдалған, тәжірибелі спортшыларға арналған. Спорттық іс-шара тек денсаулықты нығайтып қана қоймай, жастардың рухани дүниесін байытып, ел ішінде тарихи мұраларды насихаттауды мақсат етеді. Осы мақсатта  жарыстан кейін қатысушыларға арнап Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына экскурсия ұйымдастырылды.

– Жарыс қорытындылары 18-30, 31-45 және 46-дан жоғары жас ерекшелігіне қарай анықталды. Сондай-ақ жас ерекшелігіне қарамайтын, яғни абсолют деңгейінде де жеңімпаздарды марапаттадық. Спорттық шараны ұйымдастыруда жан-жақты көмек көрсеткен Катонқарағай ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мамандарына, Берел ауылының әкімі Әлібек Амановқа, Өрел ауылының әкімі Еркін Әмейұлы мен Аққайнар ауылының әкімі Серетқан Әлпешұлына зор алғысымды айтамын, – дейді басты ұйымдастырушы Рамазан Саттарұлы.

3 км бойынша ерлер арасында абсолютте Мұстафа Әділханов, 18-30 жас бойынша Сергей Васильев бірінші келді. Әйелдер арасында абсолютте Рабиға Әбілхайырова, жастар арасында Әсел Ахметова топ жарды.

5 км қашықтықта ерлер арасында абсолют деңгейде Ислам Ерлікұлы, жастар арасында Жандос Матаев Жандос жеңіске жетті. Әйелдер арасында Балауса Мырзабекова мен Мамаева Зухра жеңімпаз болды.

26 км бойынша абсолютте Еркебай Әкім, 18-30 жас аралығында Али Пампаев, 31-45 жас аралығында Руслан Әбішев, 46 жастан жоғары Нұржан Шпекбаев мәре сызығын бірінші болып кесті. Әйелдер арасында Индира Ұланова алдына жан салмады.

Жеңімпаз атанғандардың бірі - Катонқарағай ауданының тумасы, 55 жастағы Нұржан Шпекбаев. Ол осыған дейін Белқарағай мен Катонқарағай ауылының арасында өткізілген марафонда да жүлделі болған. 1998 жылдан бері жүгірумен айналысып келеді. Бұл жолғы жарысқа жарты ай көлемінде ғана дайындалған көрінеді.

Жарыс жеңімпаздарына демеушілердің атынан қомақты жүлде, бағалы сыйлық табысталды. Демеушілердің қатарында Pet Food, El Sport және басқа да мекемелер бар.

 

Дана Әбдікәрім,

Катонқарағай ауданы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив