KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

«Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» құтқарушылар

1.08.2024, 14:35 126 Ләззат Қанатқызы

Бүгінде Шығыста өрт қаупі әлі де бар. Жаздың ыстық күндері тілсіз жаудың қаупін екі есе арттырары сөзсіз. Жаз мезгілімен қатар басталатын шомылу маусымы да құтқарушылар үшін жауапты кезең саналады. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында демалыс орындарында рейд жүргізіп, халыққа табиғатқа ұқыпты қарау және орман мен су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау туралы жадынамалар таратады.

Өрт қаупі жоғары

Шығыс Қазақстанның тамаша табиғаты мен тамыры терең тарихына қызығып келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Жергілікті билік соңғы жылдары туризм саласына баса назар аударып, сервиске көңіл бөліп жатқаны тағы бар. Осы орайда облыстық Төтенше жағдайлар депаратментінің құтқарушылары тұрғындар мен туристерге табиғаттың тазалығын сақтап, қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстану керектігін тағы бір еске салады. Әсіресе, демалыс орындарында от жаққанда жасыл желектің, өсімдіктер мен жануарлардың қауіпсіздігін ойлау қажет екенін ескертеді.

- Құтқарушылар орманшылармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орман өртінің алдын алуға бағытталған «Орман» жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізген. Ондағы мақсат - құқық бұзушылармен күресу, азаматтарға өрт қауіпті маусымда өзін қалай дұрыс ұстау керектігі мен жауапкершілік туралы егжей-тегжейлі нұсқау беру, - дейді Төтенше жағдай депаратментінің баспасөз қызметі.

Өңірде өрт қауіпті кезеңі басталғалы бері сақтық шараларын бұзған 32 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Айта кету керек, Шығыстағы орман қорының басым бөлігін қылқан жапырақты ағаштар құрайды. Мамандардың айтуынша, қызыл жалын туындаған жағдайда оны ауыздықтау қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан әлі де босаңсуға болмайтынын айтады. Оны ескерген аймақтағы құтқарушылардың өзі жергілікті жердің табиғаты мен жер бедеріне байланысты түрлі шараларды қолданатын көрінеді. Мәселен, Үлкен Нарын ауданының қызметкерлері орманшылармен, еріктілермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар өткізу барысында көліктерін ат пен мотоциклге ауыстыруға тура келетінін айтады.

- Таулы амақтарға бару үшін көліктен қарағанда атпен, мотоциклмен жүру әлдеқайда тиімді. Кей кездері шалғай ауылдарға және туристік тұрақтарға жету оңайға соғады. Шара барысында азаматтармен ашық сөйлесіп, өрт қауіпсіздігін түсіндіріп қана қоймай, негізгі ережелер жазылған жадынамалар таратамыз, - дейді баспасөз қызметі.

«Орман» профилактикалық іс-шарасы барысында құтқарушылар бір апта ішінде 79 рейд жүргізіп, орман аймағында орналасқан объектілердің, демалыс үйлерінің, сауықтыру лагерлерінің иелерімен 109-дан астам кездесу өткізген. Орман қорын сақтау мақсатында өрт қауіпсіздігі түсіндіріліп, 225 жадынама таратылды.

- Өрт қауіпті кезең барысында мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Осы уақыт ішінде облыс аумағында жалпы ауданы 0,3 га 8 орман өрті және 48,4 га алаңда 15 дала өрті тіркелді. Жалпы, маусым басынан бастап орман аймағында 810 рейдтік іс-шара өткізіліп, нәтижесінде 32 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 26 азамат өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК 410-бабы бойынша жауапкершілік арқалады, - деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Медет Мұқашев.

Төтенше жағдай депаратменті, орман шаруашылықтары, жергілікті атқарушы органдар арасында табиғи өрттерді сөндіру кезінде жедел өзара іс-қимылды жолға қою мақсатында Күршім, Глубокое, Тарбағатай, Катонқарағай, Алтай және Самар аудандарының аумағында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар да өткізіліпті.

Жаңа технология қолданылады

Аймақтағы құтқарушылар қазіргі уақытта өз жұмыстарын заманауи технологияның көмегімен жеңілдете бастады. Мәселен, ұшқышсыз ұшу аппараттарын (XC-25 ҰҰА) қолдану арқылы таулы аймақтар мен орманда жерлерге мониторинг жүргізеді.

«Орман» профилактикалық іс-шарасы барысында XC-25 деп аталатын жаңа ұшқышсыз ұшу аппаратының жұмысы пысықталып, іске қосылған. Бұл жабдықты Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі түрлі жағдайлар кезінде жергілікті жердің әуе мониторингін жүргізу үшін табыстады.

- Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері Глубокое ауданының орманды таулы аймағында жаңа аппаратты 500 метр биіктікке көтеріп, аумақты айналып өтті. Ұшқышсыз ұшу аппараты тез арада жылу камерасының көмегімен жылу нүктелерін анықтауға мүмкіндік берді, - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметі.

Ұшу аппараттарының навигациялық жүйесі орман аймағындағы шартты өрт ошақтарын растаған. Кейіннен ол деректерді дереу арада Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері басқару пультіне алып, өртке тез ден қою мақсатында кезекшілерге табыстады.

Мореналық көлдер бақылауда

Бүгінде еліміздің бірқатар аймағында су қоймаларының тозығы жеткені өтірік емес. Бұл қатарда Шығыстағы су қоймалары да бар. Суды сақтау және ағынды реттеу үшін жасалған жасанды су айдындары да құтқарушылардың назарынан тыс қалмайды. Мысалы, жақында өңірдегі мореналық көлдерге аэровизуалды тексеру жүргізілді.

Облыстық Төтенше жағдай депаратменті  және «Қазселденқорғау» мамандары «Қазавиақұтқару» тікұшағымен Катонқарағай ауданының Сарымсақты өзені мен оның салаларын айналып өтті. Мұнда 2500 метрден астам биіктікте мұздықтардың еруі нәтижесінде пайда болатын 19 мореналық көл бар. Сел қаупі туныдаған сәтті «Қазселденқорғау» облыстық филиалының мамандары олардың жай-күйін, сыйымдылығы мен жағдайын жерден және ауадан бақылайды.

-              Сарымсақты өзеніндегі барлық мореналық көлдер мұз бен қардан тазартылған. Су деңгейі де қалыпты жағдайда. Алайда қатты жауын-шашын кездерінде су деңгейі шығыны едәуір артуы мүмкін. Бүгінгі таңда облыста сел, су тасқыны және көшкін жағдайы тұрақты, - дейді «Қазселденқорғау» облыстық филиалының өкілі Телғат Нұрахмет.

Өңірдің тауларында барлығы 144 мореналық көл бар, олар 11 елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Мореналық көлдердің басым бөлігі Зайсан, Катонқарағай аудандарында және Риддер қаласында орналасқан.

Шомылу маусымы – жауапты кезең

Құтқарушылар тұрғындардың жабдықталмаған жерлерде суға түсетінін, қауіпсіздік талаптарын сақтамай, мас күйінде шомылатынын, өз күштерін бағаламайтынын, сондай-ақ бүлдіршіндерді де қараусыз қалдыратынын жиі айтады. Мәселен, биыл шомылу маусымы басталғалы бері төтенше жағдай қызметкерлері 15 адамды құтқарып қалған. Өкінішке орай, бір адамды құтқару мүмкін болмады.

- Қайғылы оқиғалар көбінесе жабдықталмаған жағажайларда тіркеледі. Жергілікті атқарушы органдар шомылуға тыйым салынған 74 орынды және шағын көлемді кемелер жүзуге тыйым салынған 29 орынды анықтады. Мұнда жазғы кезеңде облыстық полиция департаментімен және еріктілермен бірлесіп патрульдеу және рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Аталған учаскелерде 200 тыйым салу және ескерту белгілері орнатылды, – деп атап өтті Төтенше жағдай департаментінде.

Айта кету керек, облыста жаппай демалуға арналған 22 учаске белгіленіп, оның ішінде сегіз жағажай толығымен жабдықталған. Атап айтанда, Өскемендегі екі коммуналдық жағажай, Риддердегі бір коммуналдық жағажай, Ұлан ауданындағы бір муниципалды және төрт жеке жағажай.

- Өңірде жеке демалыс аймақтарының иелері су айдындарындағы демалыс орындарын жабдықтау тәртібін сақтамай, мәселе туындап жатады. Демалыс кезіндегі жауапсыздық, судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау - адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін, - дейді құтқарушылар.

«Терезені жап – баланы қорға»

Жақын күндері облыстың бас шаһарында «Терезені жап – баланы қорға» атты акция өтті. Жаз мезгілімен қатар көпқабатты тұрғын үйлерде бүлдіршіндер үшін өте қауіпті кезең басталады. Кей тұрғындар пәтерде кішкентай баланың бар екеніне қарамастан, терезелерді ашық қалдырады.

Төтенше жағдай депаратаментінің қызметкерлері Өскеменнің тұрғын аудандарында дауыс зорайтқышпен жабдықталған арнайы дронды іске қосты. Құтқарушылар дронның көмегімен тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін жеткізіп, балаларды қараусыз қалдыру қаншалықты қауіпті екенін еске салып отырады.

- Жаңа әдіс оқыс оқиғалардың алдын алуға көмектеседі. Осы уақытқа дейін балалардың терезеден құлауының үш жағдайы тіркелді. Ата-аналар пәтер терезесін ашатын болса, баланы қараусыз қалдырмауы керек. Ауланы, құстарды көрсету үшін баланы терезенің алдына шығарып үйреткен дұрыс емес. Себебі ересектер жоқ кезде бала өз бетімен терезенің алдына шығып, жазатайым жағдайға тап болуы мүмкін, - дейді төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Аяулым Кекиева.

Сондай-ақ құтқарушылар төмендегі қауіпсіздік ережелерін тағы бір еске салады:

  • терезеге арнайы қауіпсіздік құрылғыларын орнатыңыз;
  • терезенің алдына жиһаз қоймаған жөн;
  • балаларды қараусыз қалдырмаңыз және олардың балконға жалғыз шықпауын қадағалаңыз;
  • москит торы баланың салмаған көтермейтінін, яғни қауіпсіздікті қамтамасыз етпейтінін естен шығармаңыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу