KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Жапон халқының саны 15 жыл қатарынан азайып келеді

Фото: adyrna.kz

2.08.2024, 20:00 126 Айжанат Бақытқызы

Жапонияның 125 миллионға жуық халқының саны 2070 жылға дейін 30 пайызға қысқарады деген болжам бар. Сол кезде бұл мемлекетте әрбір он адамның төртеуінің жасы 65-тен асуы мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Күншығыс елі қазірдің өзінде әлемдегі ең кәрі қоғамға айналып отыр. Сондықтан мұнда қарттарға арналған жөргек өндірісі қарқын алып келеді, деп жазады qazaqstan.tv.

Байқасаңыз, қазір Жапонияда балалардан гөрі олардың ата-әжелері үшін памперс шығаратын компаниялар көбейіп келеді. «Статиста» жаһандық деректер және бизнес-сараптама платформасының мәліметінше, Жапония әлемдегі ең кәрі қоғамға айналған және оның тұрғындарының 29 пайызы 65 жастан асып кетіп отыр.

«Қарттарға арналған жөргектер өндірісі жылдан жылға артып келеді. Өйткені нарықта сұраныс жоғары, тұтынушылар көбейді»,-дейді ересектер жөргегін өндіретін компания менеджері Наота Сугайа.

«Фудзи Кейзай» компаниясының зерттеуіне қарағанда, 2027 жылға дейін егде жастағыларға арналған жөргектер өндірісі 16 пайызға өссе, балалар жаялығын шығару 8 пайызға кемиді екен.

Жапонияда халық саны 15 жыл қатарынан азайып келеді. Есесіне, былтыр мұнда шетелдіктер саны 11 пайызға көбейіп, алғаш рет 3 миллионнан асқан.

Жұмыс күші тапшылығы проблемасын шешу үшін жапон үкіметі жаңа бағдарлама қабылдады. Оның нәтижесінде ауыл шаруашылығына, автомобиль саласына, құрылысқа шетелдіктерді тарту жеңілдейді деген үміт бар.

Күншығыс елінде былтыр 730 мың бала өмірге келсе, дүниеден өткендер 1 жарым миллионнан асып кеткен. Соңғы зерттеуге жүгінсек, жас жапондар арасында үйленетіндердің сиреуіне және перзент сүюден бас тартушылардың көбеюіне, жұмысқа тұру перспективасының бұлыңғырлығы, өмір сүру құнының жалақы деңгейінен асып кетуі себепші болып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу