Су қоймаларындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді – ШҚО
Су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар Көліктік бақылау инспекциясымен бірге жаппай демалу орындарын патрульдеу жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жақында сондай рейдтердің бірі Бұқтырма су қоймасында өтті. Тексеріс барысында мамандар шағын көлемді кемелердегі қауіпсіздік шараларына және судағы жүріс-тұрыс ережелерін сақтау мәселелеріне айрықша мән берді.
Айта кетеік, жазғы кезеңнің басынан бері облыста 2 300-ге жуық патрульдеу мен рейдтер жүргізіліпті. Басты міндет – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Патрульдеу барысында құтқарушылар 18 демалушыға көмекке келіп, олардың өмірін сақтап қалған.
Белгілі болғандай, полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жұмыс нәтижесінде 1 583 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде жалпы су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 46 жеке тұлғаға ескерту жасалса (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы), 24 адам су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін (412-бап) жауапқа тартылған. Алкогольді ішімдіктерді ішкені үшін 1 480 адам (440-бап) және шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 33 жеке тұлға (582-бап) айыппұл арқалаған.
Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, шомылу маусымы басталғалы бері облыстың су айдындарында төрт адам суға кеткен. Барлық жазатайым оқиға жабдықталмаған шомылу орындарында болыпты.
Осы ретте мамандар демалушыларды су жағасындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.