Өскеменде аналар мен балалардың байқауы өтті
Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар Астана жағалауында жалғасты. Өскемендіктер бұл кеште «Бірге туғандар!» атты егіздер және үшемдер фестивалі мен «Арба ұстаған аналар шеруі» байқауын тамашалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Егіздер мен үшемдер фестивалінде үміткерлер үш кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезең – «БЛИЦ-парад». Бұл дегеніміз салтанатты шеру, дефиле. «Қос тамшы» деп аталған келесі кезеңде қатысушылар жүргізушімен диалог құрып, өздерін таныстырды. Хоббиі мен қызығушылықтары жайлы әңгімеледі.
Ал соңғы кезеңде «Біз бірге бәрін жасай аламыз!» деген ұранмен шыққан қатысушылар шығармашылық қабілеттерін паш етіп, қала күнін жоғары деңгейде атап өтуге жиналған көпшіліктің көзайымына айналды.
Ал «Арба ұстаған аналар шеруінде» жас отбасылар алты номинация бойынша бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша «Ең сүйкімді және тартымды арба», «Техно-арба», «Спорттық рекорд» , «Табиғат әлемі», «Ертегі арба», «Ерекше жанрдағы арба» аталымына лайық деп танылған аналарға бағалы сыйлықтар табысталды. Мерекелік кеш әсем әнге ұласты.