Өскеменде қоқыс сұрыптау зауыты іске қосылды
Өскеменде қоқыс сұрыптау зауыты іске қосылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Енді қалдықтар тұрғын үй ауласынан бірден осы зауытқа жөнелтіледі. Мұндағы автоматтандырылған желі қағаз, пластик, метал сынды қайта өңделетін қалдықты бір бөлек, органикалық қалдықтарды бір бөлек сұрыптайды.
Желі бір сағат ішінде орташа есеппен 25 тонна қатты тұрмыстық қалдықты өңдеуге қауқарлы. Ал қала бойынша күніне 200 тоннаға жуық қоқыс жиналатын көрінеді.
Екі аусыммен жұмыс істейтін қызметкерлері күнделікті әкелінетін қоқыстан бөлек, қазіргі полигонның жоғарғы қабында сұрыптаумен айналысады. Еліміздегі баламасыз зауыт Грецияда өндірілетін құралдармен жабдықталғанү рмен жабдықталған.
Зауытты облыс әкімі Даниал Ахметов іске қосты.
– Қоқыс сұрыптау желісінің іске қосылуы – аймақ үшін де, бүкіл ел үшін де маңызды оқиға. Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің жобасының көмегімен келесі жылы халықаралық талаптарға сай келетін заманауи полигон салуды бастаймыз. Біз қолданыстағы полигонды арнайы саркофагпен жауып, экологияның ластануына жол бермеу үшін қайта қалпына келтіруді бастаймыз, – деді облыс әкімі.
Өскемен әкімі қатты тұрмыстық қалдықтарды реттеуге байланысты бағдарламаның екінші кезеңі болатынын нақтылады.
– ҚТҚ полигонын салу жобасына конкурс жариялаймыз. Қаңтар-ақпан айларында нысанды ұйымдастыруды бастау үшін бас мердігерді анықтау қажет, – деді қала әкімі.