Мүгедек адамдардың жалақысын жұмыспен қамту орталықтары субсидиялайды
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалақысын енді жұмыспен қамту орталықтары субсидиялайды.
«Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілмек, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Аталмыш құжат «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.
Бұйрықта «Арнайы жұмыс орындарын құруға байланысты жұмыс берушілерді субсидиялау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды халықты жұмыспен қамту орталықтары жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырады. Мұнымен қатар, Халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеуді субсидиялайды» деп көрсетілген.
Бұған дейін субсидиялау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылып келген.
Жаңа енгізілетін өзгерістерге сәйкес, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек шарты 3 жылға жасалады. Бұл ретте, халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедек адамдардың еңбегіне ақы төлеуді субсидиялайды.
Субсидия мөлшері:
- жұмысқа орналасқан алғашқы 12 айда жалақы мөлшерінің 70%, бірақ 30 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) аспайды;
- жұмысқа орналасқан 13-ші айдан бастап 24-ші айға дейін жалақы мөлшерінің 65%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;
- жұмысқа орналасқан 25-ші айдан 36-шы айға дейін жалақы мөлшерінің 60%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.
Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында 5 желтоқсанға дейін талқыланады.