Баланы мектепке тіркетудің екі жолы бар
Баланы мектепке тіркетудің екі жолы бар. Біріншісі, eGov.kz порталы арқылы электронды түрде болса, енді бірі тікелей білім ордасына барып өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының көмегіне жүгіну.
«Адал көмек» алаңында тікелей эфирге шыққан Бесқарағай аудандық білім бөлімінің бас маманы Жібек Масалимованың айтуынша, бастауыш, негізгі және жалпы білім беретін мектептерге балаларды қабылдау 1 сәуірден 20 тамыз аралығында жүргізілетін көрінеді.
– Балалары бірінші сыныпқа баратын ата-аналар аталмыш қызмет түрін «Электронды үкімет» порталы арқылы үйден шықпай-ақ ала алады, – дейді Жібек Масалимова. – Ол үшін, ата-ананың электронды-цифрлық қолтаңбасы, интернет желісі мен компьютері болуы керек. Мұндай мүмкіндігі жоқ азаматтар өздеріне жақын орналасқан мектепке барып, олардағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының көмегіне жүгіне алады. Ондағы мамандар ата-аналарға міндетті түрде көмек көрсетеді.
Қоса кетсек, ата-ананың қолында бала денсаулығының төлқұжаты, 063-у форматындағы медициналық анықтама мен баланың 3х4 см. өлшеміндегі екі фотосуреті болуы керек.