KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность Штиль
481.84 531.33 5.07

«Электронды үкімет» порталына үйретудің жаңа форматы қолға алынды

19.06.2019, 03:55 175

Өскеменде орталықтан шалғай орналасқан аудан тұрғындарын «Электронды үкімет» порталына үйретудің жаңа форматы қолға алынды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Бұдан былай қалалық білім бөлімі мен Халыққа қызмет көрсету орталығы көшпелі ХҚКО ұйымдастырып, электронды портал арқылы білім саласы бағытында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ата-аналарға қолжетімді етпек. Осындай игі шараның бастамасы Новоявленка ауылындағы Абай атындағы №33 орта мектепте ұйымдастырылды.

– Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында білім саласының сандық форматқа көшіп жатқан тұстары аз емес. Соның бірі биылдан бастап қолға алынған баланы бірінші сыныпқа egov.kz электронды порталы арқылы кезекке қою бастамасы. Бұл өз кезегінде аталмыш саладағы сыбайлас жемқорлықтың азаюына септігін тигізері сөзсіз. Міне осы себепті ұйымдастырылған іс-шара еліміздің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы мен «Шығыс адалдық алаңы» жобасын бір арнаға тоғыстырды. Біз осы шараны ұйымдастыра отырып мемлекеттік қызмет түрлерін жемқорлықсыз қалыпта алуға қадам жасаудамыз. Бүгінгі шараны облыстық Білім басқармасы, қалалық білім бөлімі мен Халыққа қызмет көрсету орталығы бірлесе қолға алды. Өскемен қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары келіп ауыл тұрғындарына «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін үйден алу жақтарын үйретіп, электронды-цифрлық қолтаңба алуға көмектесті, – деді Өскемен қаласы әкімдігінің Абай атындағы №33 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Есейхан Мұратхан.

Шараның басты міндеті биыл мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндерді электронды портал арқылы кезекке қою екенін алға тартқан ол сонымен қатар ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттырудың да қатар қолға алынғанын айтып өтті. Баланы бірінші сыныпқа кезекке қою мақсатында талай мекеменің табалдырығын тоздыратын ата-аналар алдағы уақытта қоғамның кейбір кереғар тұстарын айналып өту мүмкіндігінің жасалғанына қуанышты.

– Мектеп әкімшілігінің шақыртуымен келіп отырмын. Биыл балам бірінші сыныпқа баратындықтан оны портал арқылы кезекке қою мүмкіндігінің үйімнің жанында жасалғанына қуаныштымын. Кез-келген ата-ананың қолында электронды-цифрлық қолтаңбасы болуы тиіс. Бүгін бізге Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары келіп порталды қолдану бойынша дәріс оқумен қатар электронды-цифрлық қолтаңба алуға да көмек көрсетуде. Бұдан былай мен үйде отырып, я болмаса жұмыс орнымда порталға кіріп баламды өзім қалаған мектептің бірінші сыныбына тіркей аламын. Тіркеген соң баламның оқуға алынып не алынбайтынын білу үшін мектепке барып, сарылып директорды күтіп отырудың қажеті де жоқ. Өтініш берген соң үш күннің ішінде баланың мектепке қабылданып-қабылданбағаны жөніндеге ақпарат электронды порталдағы жеке кабинетіме келіп түседі екен. Бұл ата-ананың уақытын үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да септігін тигізетін шара, – деді Кенжегүл Дүйсенбайқызы есімді ата-ана.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив