Шемонаиха ауданында МӘМС мәселелері бойынша халықпен кездесу өтті
Шемонаиха ауданындағы Выдриха ауылының тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі - МӘМС) мәселелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Галина Раимбекова, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова, Қор филиалының директоры Нұрлан Кидирбаев, аудандық аурухананың бас дәрігері Бақыт Таймасова қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Выдриха ауылдық округі облыс орталығынан 150 км қашықтықта орналасқан. Волчанка, Межовка, Верх-Уба, Выдриха ауылдарының медициналық ұйымдарында екі мыңға жуық адам тіркелген. Ауыл тұрғындары қазіргі уақытта ірі шаруа қожалықтарында еңбек етеді.
ТМККК және МӘМС шеңберіндегі медициналық көмек пакеттері туралы Нұрлан Кидирбаев түсіндірді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары да өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, шағымдарын жеткізді.
Осы мәселе бойынша аудандық аурухананың бас дәрігері Бақыт Таймасова түсініктеме берді. Сонымен қатар тұрғындарды өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікке және уақытында кәсіби тексерулер мен скринингтерден өтуге шақырды.
Шемонаиха ауданының тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін алдағы жылдары қандай жаңалықтар күтіп тұрғаны туралы ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Капанова айтып өтті.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Волчанка ауылында дәрігерлік амбулатория және Межовка ауылында медициналық пункт салу үшін ЖСҚ мемлекеттік сараптаманың оң нәтижелері алынды. Сондай-ақ ағымдағы жылы да Шемонаиха аудандық ауруханасын заманауи жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жалғастырылатын болады.
Қорытындылай келе, ӘМСҚ облыстық филиалының директоры әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, ең алдымен, пациенттердің құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Егер сізде медициналық көмек көрсету сапасына қатысты сұрақтарыңыз болса, оларды өз емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметінен сұрай аласыз. Егер жағдайды жергілікті жерде шешу мүмкін болмаса, сіз әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ыңғайлы байланыс арнасы арқылы жүгіне аласыз: Ресми сайт fms.kz , байланыс орталығы 1406, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot. Дәл осы құралдар сақтандырудың күйін тексеруге мүмкіндік береді.