18-шағын ауданда негізгі жол жөнделіп жатыр – Өскемен
Тұрғындар бұл маңызды инфрақұрылымды бірнеше жылдан бері күтті. Мердігерлермен жөндейтін жолдың жалпы ұзындығы - 970 метр. Мұнда алғаш рет жаяу жүргіншілер жолы пайда болады. Қазірдің өзінде Самар тас жолына дейінгі аумақ асфальтталып, біткен.
Өскемен әкімі Жақсылық Омар шағын аудандағы жөндеу жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындардың базынасын тыңдап қайтты.
Тұрғындар әкімнен жолдан бөлек, автобус мәселесін пысықтап беруін өтінді. Өйткені жақын маңдағы емхана Күленов кентінде орналасқандықтан, зейнеткерлерге емханаға бару қиындап барады.
Қала басшысы бұл өтінішті жерде қалдырмайтынын айтып, жол жөндеу жұмыстарынан кейін көшені жарықтандыру, одан кейін балалар және спорт алаңдары болады деп уәде берді.
– Ең алдымен жолды бітіру керек, – деп түйіндеді қала басшысы. - Ал келесі кезеңде балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңдарын саламыз.