KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
441.44 473.09 4.75

Тағы бір рет тексеріп шығу керек - Даниал Ахметов әлеуметтік көмек туралы

17.04.2019, 05:51 128

Соңғы екі аптаның көлемінде облыс орталығында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша 534 отбасының өтініші мақұлданған. Бұл жөнінде аймақ басшысы Даниал Ахметовтің Өскемендегі Жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысуы кезінде белгілі болды.


Атап өтсек, облыс әкімі аталған әлеуметтік мекемеге аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үдерісі қалай жүріп жатқандығын тікелей көру үшін және ондағы аналармен жүзбе-жүз жүздесу үшін арнайы барған болатын.


Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Маулихат Құсайынованың айтуы бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау ағымдағы жылдың 1 сәуірінен басталған. Осы уақыт аралығында Халыққа қызмет көрсету орталығына кеңес алу үшін барлығы 1800 көпбалалы және аз қамтылған отбасы жүгінген екен. Олардың ішінде 534 отбасының АӘК алу жөнінде берген өтініші мақұлданған.


– Биылғы сәуір айының басынан бастап төлем жүйесі түбегейлі өзгерді. Жаңа форматтағы АӘК дегеніміз – аз қамтылған отбасылар үшін қолданыстағы әлеуметтік төлемдердің барлығын өзіне біріктіретін бірыңғай жәрдемақы. Біріншіден, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс минимумынан төмен болса, онда олардың табысына және өзге де жәрдемақы, гранттарына қарамастан қаржылай төлемді отбасының барлық мүшесі алады. Сонымен қатар бір адамға шаққандағы күнкөріс минимумынан АӘК тағайындау өлшемі де 50-ден 70 пайызға жоғарылаған. Яғни, ағымдағы жылы 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге артқан. Ай сайын аз қамтылған отбасынан шыққан әр балаға күнкөріс минимумының 70 пайызы мөлшерінде кепілдендірілген көмек төленетін болады, бұл 20789 теңгені құрайды. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы табыс арасында айырма тағайындалады. Осылайша, бес баласы бар отбасы ай сайын 120 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алатын болады, – деп түсіндірді жиналғандарға Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Маулихат Құсайынова.


Ал қалған 1266 отбасы жан басына шаққандағы табысы 20 789 теңгеден асып кетіп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау келісімін ала алмаған. Маулихат Жақсылыққызы атап өткендей, тиісінше кеңес беруден соң бұл отбасылар ешқандай наразылық білдірмеген.


Қалалық Жұмыспен қамту орталығында құжат жөндеп жүрген 12 баланың анасы, Аблакетка кентінің тұрғыны Евгения Черкашина атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген өскемендік көп лалалы ананың бірі.Енді оның барлық баласы 23 жасқа толғанша немесе жоғары оқу орнын бітіргенше аталмыш көмектің игілігін көре алмақ.


Сала мамандарының және көп балалы аналардың айтқандарын мұқият зер сала тыңдаған облыс басшысы Даниал Ахметов дегенмен де, өтініштері мақұлданбай қалған аналардың тізімін қайта бір тексеріп шығу керектігін атап, бұл жұмысты қала әкімі Жақсылық Омарға 10 күннің ішінде жүргізіп шығуды тапсырды.


– Бұлай тапсырма беруімнің себебі, кеңес алуға келіп тұрып, АӘК тағайындау туралы өтініштері мақұлданбай қалған сол 65 пайыз аналар шын мәнінде қанағаттанарлық күйде кетті ме, олардың басқа да сұрақтары болмады ма? Осы жағы толғандырады. Сондықтан жаңадан тағы бір тексеріп шығу керек. Егер кімде-кім аңдамай дұрыс есептемеген болса, біз есептеу жағынан көмек көрсетуіміз қажет. Келген адамдарда сұрақтар туындаған болса, барлығын түсіндіруге, түсініспеушілікті шешуге міндеттіміз, - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив