KZ
Өскемен
-1°
снег жел 5 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Шығыс Қазақстанда халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары марапатталды

Бүгін, 12:00 89 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов халықаралық және республикалық додаларда ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларды, сондай-ақ өскелең ұрпақты жеңіс жолына жетелеп жүрген жаттықтырушыларды салтанатты түрде марапаттады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінгі салтанатты шара тек құрмет көрсету емес, Шығыс Қазақстан спортының биік мәртебесін, ел спортына қосқан өлшеусіз үлесін танытқан тағылымды рәсім болды. Өңір спортшыларының әрбір жеңісі – бір өңірдің емес, тұтас елдің абыройына айналған алтын арқау. Көптүрлі спорт саласының өкілдері бас қосқан шара облыс спортының кең тынысын, өскелең әлеуетін паш етті.

- Келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы жеткен жеңістеріңіз де ерекше айтуға тұрарлық. Әр жеңістің соңында үлкен мақсат, сан қилы жоспарлар, міндеттер қойылып, солардың әрқайсысын талмай, шаршамай орындап, жеңістің айшық үлгісін көрсетіп отырсыздар. Сіздердің жеңістеріңіз Шығыс жұртының, ағайын туыстарыңыздың, достарыңыздың үлкен қуанышы. Сондай жақсы жетістіктер футбол ойынында, грек-рим күресінің майталмандарында, ауыр атлетика, керлинг, джиу джитсу, үстел теннисінде де баршылық. Келесі жылы Олимпиада ойындарына қатысатын шаңғышыларымызға да артар үміт жоғары. Мұның барлығы спортшыларымыздың жоғары дайындығын, жаттықтырушылар құрамының қабілеттілігін, жүйелі мемлекеттік қолдаудың арқылы жүзеге асырылып отыр. Облыс сіздердің жетістіктеріңізбен ерекше мақтанады. Сіздерді мақтан тұтар, үлгі етер жастар көп. Сондықтан әрдайым, әрекеттеріңізге сақ болып, парасаттылықтың, тәрбиенің, байсалдылықтың үлгісін көрсете білулеріңіз керек. Алдағы жарыстарға дайындықтарыңыз, жоғары болсын деп тілеймін, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзінде. 

Шығыстың спорт әлеміндегі даңқты жолы бүгінгі құрмет иелерімен толыға түсті. Халықаралық ареналарда топ жарған өрендер туған жердің, Қазақстанның айбынын асырған нағыз жұлдыздарға айналды.

Пара үстелді теннисте шеберлігімен көзге түскен Анна Мазаева, Ардақ Нұрмагамбетов, Вячеслав Эрбес және Екатерина Федоренко VII Спартакиадада жүлдегер атанып, өз табандылықтары арқылы өңір спортына үлкен серпін қосты. Ал дәл осы спорт түрінде алтыннан алқа таққан Алена Кутявина Шығыс бойжеткендерінің қайсарлығы мен шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

- Үстел теннисімен айналысқаныма төрт жыл болды. Қазақстан Республикасының Жетінші Спартакиадасына қатысып, екінші жүлделі орынға ие болдым. Бүгін осылай жетістігімізді бағалап, назар аударып отырғаны үшін облыс әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Ары қарай жеңістер мен жетістіктерге ұмтыла береміз, - дейді пара үстел теннисінен күміс жүлде иегері Екатерина Федоренко.  

Гір спортындағы ардагер Мухамедолла Ағзамовтың әлем чемпионатында жеңісі төзім мен қайсарлықтың, ерік пен қажырдың мерейіне айналды. Ал жас теннисшілер Нұрдәулет Азаматұлы, Әліби Шоманов және Рауанұлы Рамазан халықаралық турнирлер мен Президент кубоктарында топ жарып, қазақ үстел теннисінің жаңа толқыны қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті.

- Ақжар ауылында туып өстім. Астана қаласында Халықаралық Үстел теннисінен Президент кубогына қатысып бірінші орынды иелендім. Қарсыластарым да өте мықты болды. Екі ай қатарынан үздіксіз дайындалып, іріктеуден өтіп, жеңіске жетіп отырмын. Бүгін еңбегімізді ерекше бағалап отырмын. Бұл да бір жігерлендіру десек артық айтпағандық. Ары қарай жеңісімді ұлғайтып, шеберлігімді шыңдай түсемін, - дейді жас спортшы Әліби Шоманов.  

АҚШ-тың Миннесота штатында өткен дүбірлі додада керлингтен күміс жүлде иеленген Ангелина Пеняева, сондай-ақ Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында джиу-джитсудан ел намысын абыроймен қорғап, жүлдегер атанған Амина Жұмабекова – Шығыс Қазақстан спортшыларының халықаралық аренадағы беделі жылдан-жылға артып, өңірдің әлемдік спорт картасындағы орнын бұрынғыдан да айшықтап келе жатқанын көрсетеді.

- Үшінші Азияда ойындарының күміс жүлдегері атандым. Азияда ойындарына ұзақ дайындалдым. Бүгін Алғыс хат пен ақшалай сыйлықпен марапаттады. Әрине, өстіп еңбегімізді елеп ескеріп отырғанына ерекше разымыз. Келер жылы бұдан да жоғары жетістіктерге жетіп, алтын медаль алуға тырысатын боламын, - дейді Амина Жұмабекова. 

Зілтеміршілердің жас буыны да назардан тыс қалмады: Софья Шалгина Азия чемпионатында күміс жүлде иеленсе, грек-рим күресінде Ерасыл Мамырбеков Вьетнам төрінде Азия чемпионы атанып, ел намысын асқақтатты.

«Азия балалары» халықаралық ойындарында жүзуден алтын алған Тайисия Короткова, Азия чемпионаттарында биік шыңға көтерілген байдарка мен каноэ шеберлері Маргарита Торлопова, Валентина Роговская, Сұлтан Шарапиев, Александр Куликов, Владислав Рябко, Виктория Квашнина, Анастасия Носкова, Иманғали Мәмбетовтың жетістіктері су спортының да Шығыста ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын айғақтайды.

Хоккей алаңында шығыс қырандары талай белесті бағындырды. Әйелдер құрамасының өкілдері Вероника Агеева, Полина Говтва, Катрин Мескини, Мунира Саятқызы, Дильназ Саяхатқызы, Полина Яковлева, София Зубкова, Анна Пяткова, Златоцвета Феоктистова Азия ойындарында күміс алса, ерлер құрамасының намысын қорғаған Владимир Гребенщиков пен Степан Александров алтын жүлдеге қол жеткізді. Бұл нәтижелер – берік мектептің, мықты жаттығу жүйесінің жемісі.

Дәстүрлі садақ атуда ұлттық рухты асқақтатқан Ажар Төлеуқанова мен әлем кубогында алтыннан алқа таққан Аяш Кабдоллаева, сондай-ақ кикбоксинг аренасында қарсыласын қапыда қалдырып, әлемдік додаларда жеңіс тұғырына көтерілген Мақсат Ерланұлы мен Ернұр Қайырбеков – Шығыс Қазақстан спортының қаншалықты кең тынысты, сан қырлы әрі әлеуеті зор екенін айқын дәлелдеді.

- Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесімін. Жыл соңында Корея елінде өткен Әлем кубогінде қола жүлдегері атандым. Спортшыларымыздың шашбауын көтеріп, елеп ескеріп отырғанына мың да бір алғысымды білдіремін. Бұл да біздің жылдар бойы төккен теріміздің, еңбегіміздің нәтижесі деп білемін. Осындай мерейлі күн дәстүрге айналса деген тілеуіміз де бар. Өйткені, спортшылар көп жағдайда көзден таса қалып, көлеңкеде қалып қоятын жағдайлар жоқ емес. Бүкіл Шығыстың әлем деңгейінде өнер көрсеткен спортшыларының еңбегінің ақталғаны ерекше қуантады, - дейді Ажар Рахметқызы. 

Экстремалды күш спорттарында Темірлан Кенжехановтың әлемдік аренаны мойындатып, дүниежүзілік чемпионатта топ жаруы, әрі Найробиде өткен әлем біріншілігінде Батырхан Төлеуғалидің таеквондодан жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілуі шығыстық жас буынның бойындағы тектілік, өр мінез бен қайсар қуаттың айқын айғағына айналды.

- Облыс әкімінің еңбегімізді бағалап, Әлем чемпионатын бағындырып келе жатқанымызды көріп, жылы лебізін білдіріп, еңбегімізді елеп ескеріп отырғанына алғысымыз шексіз. Бүгінгідей қолдаудан кейін спортшылардың ұмтылысы арта түсетініне бек сенімдімін. Мәскеу қаласында өткен Әлем чемпионатында бірінші, екінші орынды иелендім. Бір дисциплинадан екі санатта да жеңімпаз атандым. Осыған дейін Еуразия чемпионатында біріншілікке шығып, өзімнің әлемдік рекордымды қойған болатынмын. Қазақ халқының қандай екенін көрсетіп, намысымызды қорғап шыққаным бар, - дейді қара күш иесі Темірлан Кенжеханова. 

Сурдлимпия ойындарында биіктікке секіруден өзгелерден оқ бойы озып, жеңіс тұғырынан көрінген Фаина Меирманованың жетістігі Шығыс Қазақстан спорты, бүкіл ел үшін ерекше мақтаныш. Спортшының бұл табысы – мүмкіндіктің шексіз екенін, жүректе қуат пен сенім болса, кез келген биікті бағындыруға болатынын ұқтырған ұлағатты үлгі. Фаина Меирманованың есімі енді тек спорт тарихында ғана емес, талай жасқа жігер сыйлайтын символ ретінде қалары сөзсіз.

Әрбір чемпионның соңында оны үнсіз қолдап, шыңға жетелейтін ұстаз тұрады. Бүгінгі марапатта Федоренко Мария Михайловна бастаған хоккей бапкерлері, Ержан Шегенов, Мерхат Болатханов, Богдан Весельский сынды жаттықтырушылардың есімдері аталып, олардың еңбегі лайықты бағасын алды. Бұл марапат ұстаздарға тағзым, олардың өлшеусіз еңбегіне деген құрмет ретінде айшықталды. 

Жалғас Сақадиев
Махаббат Ахметжанова


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу