KZ
Өскемен
снегопад жел 3 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Өскеменде «Алау–2025» қалалық сыйлығының қорытындысы шығарылды

Бүгін, 12:30 74 Төлеуғазы Жансая


Өскемен қаласында жастарды қолдауға бағытталған дәстүрлі «Алау–2025» қалалық сыйлығының қорытындысы шығарылды. Бұл жоба жыл сайын өңірдегі белсенді, бастамашыл және талантты жастарды бір алаңға жинап, олардың еңбегін елеп-ескеруге мүмкіндік беріп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биылғы форумда мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға елеулі үлес қосқан жас мамандар, волонтерлер, педагогтер, дәрігерлер, өндіріс пен IT саласының өкілдері марапатталды. Байқауға барлығы 10 номинация бойынша 104 өтінім қабылданған.
Салтанатты шара барысында Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов жастардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.

– Бүгін «Алау» сыйлығын ұйымдастырудағы басты мақсат – жыл бойы белсенді болған жастарға алғыс білдіріп, атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығару. Қаламыз халқының 25 пайызын жастар құрайды. Сондықтан бұл – жай ғана марапат емес, болашаққа берілген сенім авансы. Бірлесе еңбек етсек, елімізді одан әрі дамытып, көркейте аламыз деп сенемін, – деді қала әкімі.

Байқау нәтижесінде келесі қатысушылар жеңімпаз атанды:
«Үздік көшбасшы» – С. Аманжолов атындағы ШҚУ магистранты Бекзат Үтжанов;
«Үздік волонтер» – С. Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары колледжінің 3-курс студенті Анель Шарипжанова;
«Үздік өндіріс маманы» – «Казцинк» ЖШС қорғасын зауытының балқытушысы Илья Кузнецов;
«Үздік IT-маман» – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың жоғары білікті инженері Диас Бидахметов;
«Үздік оқушы» – дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттың 11-сынып оқушысы Акерке Төлеухан;
«Үздік мемлекеттік қызметші» – Өскемен қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшы орынбасары Олжас Құдайбергенов;
«Үздік педагог» – Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші Айдана Махмутова;
«Үздік дәрігер» – «Онкология және хирургия» көпсалалы орталығы онкохирургия бөлімшесінің хирург-дәрігері Тілеубек Нұрғалиев;
«Жылдың үздік әлеуметтік бастамасы» – «Жасыл жылқы» ат клубының жетекшісі Александр Ралко.

Марапаттау рәсіміне мемлекеттік қызметшілер, өндіріс саласының мамандары, жас көшбасшылар, жұмысшы жастар, спортшылар, IT саласының үздіктері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар қала дамуына белсене атсалысқан бірқатар жас азаматқа алғыс хаттар табысталды.

Әлеуметтік бастама номинациясының жеңімпазы Александр Ралко өз жобасының маңызын атап өтті.

– Біз бұл бағытта үш жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қалалық «Самал» саябағында ерекше қажеттілігі бар балалармен айналысамыз. Бұл – балалардың табиғи ортада әлеуметтенуіне мүмкіндік беретін бірегей алаң. Сонымен қатар саябаққа келген қонақтар да мұндай балалардың қоғамның ажырамас бөлігі екенін түсінеді, – деді ол.

Ал «Үздік оқушы» атанған Акерке Төлеухан бұл марапаттың өзі үшін ерекше мәні бар екенін жеткізді.

– Бұл номинацияда жеңіске жетемін деп күтпедім. Сондықтан қуанышым шексіз. Мен үшін бұл – оқу жолындағы жаңа белес әрі жаңа жетістіктерге бастар қадам. Биыл көптеген жоба мен олимпиадаға қатыстым, ал бұл марапат сол еңбегімнің нәтижесі деп білемін, – деді жас дарын.

«Алау–2025» сыйлығы Өскеменнің белсенді әрі талантты жастарын біріктірген жарқын шараға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастарды қолдау мен олардың еңбегін мойындау – өңірдің тұрақты дамуына салынған маңызды инвестиция. Алда жаңа жобалар, биік мақсаттар мен жарқын жеңістер күтіп тұр.

Наргиз Еркінбекова
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу