KZ
Өскемен
небольшой снег жел 5 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері – адам өмірін арашалаған ақ халатты қаһармандар

Кеше, 13:30 108 Базарова Айгүл

Апат айтып келмейді. Дәл сондай сын сағатта құтқарушылармен иық тірестіріп, оқиға орнына ең бірінші жететіндердің бірі – ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері. Олар үшін боранды түн, көктайғақ жол, қалың түтін, құлаған ғимарат пен уланған ауа – тоқтата алмайтын тосқауыл. Себебі бұл мамандардың басты миссиясы – адам өмірін сақтау, деп хабарлайды Altainews.kz.

Шығыс Қазақстандағы Апаттар медицинасы орталығы филиалында бүгінде 10 дәрігер, 14 орта медициналық қызметкер және бір психолог шырылдаған телефонға үнемі дайын. Бұл – саннан гөрі сапасы жоғары ұжым. Төрт дәрігер «Денсаулық сақтау үздігі» атанса, тағы төртеуі – салаға сіңірген еңбегі үшін төсбелгі иегерлері.

Тек биылдың өзінде апаттар медицинасы қызметкерлері 569 рет оқиға орнына шыққан. Сол шақыртулардың 122-сінде азаматтарға жедел медициналық көмек көрсетілді. Көп жағдайда зардап шеккендер күйік алады, улы газдан улануы мүмкін, немесе түрлі деңгейдегі жарақаттар тіркеледі.

Облыста бірнеше трассалық медициналық-құтқару пункттері жұмыс істейді. Бұл – алыс аудандардағы апат кезінде алғашқы минуттарда көмек көрсететін жалғыз мүмкіндік. Себебі аудандық орталықтан шығатын «жедел жәрдем» кейде 20–50 шақырым қашықтықта орналасқан. Ал апат кезінде әр секунд санаулы екендігін айтады Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері.

«Жол апаты болғанда жолаушылар көбіне ауыр жарақатпен қалады. Біз оқиға орнына жетіп, жағдайды бағалап, алғашқы көмек көрсетеміз. Қажет болған жағдайда адамды жақын маңдағы ауруханаға жеткіземіз. Тәулік бойы кезекшіліктеміз, тұрмыстық жарақат та, қан қысымының күрт көтерілуі де, босануға дайын әйел де бізге жүгінеді», – дейді мамандар.

ТМҚП базасында автокөлікті қысқыш құрылғылармен «жазатын» авариялық-құтқару құралдары, реанимациялық жабдық, тасымалдауға арналған арнайы медициналық сөмкелер – бәрі сақадай-сай.

Соңғы аптада тек бір ғана бекет орналасқан аумақта екі үлкен жол апаты тіркелді. Бірінші жағдайда автокөлік аударылып, ауыр жарақат алған үш адам дер кезінде Таврия кентіндегі ауруханаға жеткізілді. Екінші оқиғада да дәрігерлердің жылдам әрекеті адамның өмірін сақтап қалды.

Қатты боран, көктайғақ, нөлдік көріну – дәрігерлер жолға шықпай қалатын себеп емес.

Апаттар медицинасының тағы бір айрықша қыры – психологтардың жұмысы. Олар да бригадалармен бірге оқиға орнына барады, күйзелісте тұрған адамдарға жедел психологиялық көмек көрсетеді. Қорқыныш, шок, үрей – мұндай жағдайлар адамды әлсіретіп, тіпті өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Психологтар дәл сол сәтте жақыннан табылып, тез қалыпқа келуге көмектеседі.

Шығыс Қазақстандағы Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері – бұзылған көліктің жанында, өртенген үйдің түтінінде, құтқарушылармен бірге алғы шепте жүретін жандар. Олар – үнсіз ерлік иелері. Өйткені әр күннің әр сағатында адам өмірін құтқару үшін дайын тұру – ерлікпен пара-пар міндет.

Фото: ШҚО ТЖД 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу