Өскеменде Алтай ауданының мәдени күндері өтуде
Облыстық «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы аясында 11–13 желтоқсан аралығында облыс орталығында Алтай ауданының мәдени күндері өтуде. Үш күнге жоспарланған бағдарлама қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптеуді, өңірдің музыкалық мұрасымен таныстыруды, қолөнер мен спорттық іс-шараларды қамтиды. Облыс орталығының тұрғындары үшін көрмелер, концерттер, шығармашылық кездесулер мен арнайы білім беру алаңдары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алтай ауданы – Шығыс Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, табиғаты тылсым сұлулыққа толы киелі өңір. Қалың қылқанжапырақты ормандары, айнадай жарқыраған мөлдір өзендері мен жасыл желекке оранған тау бөктерлері бұл өлкенің айрықша ажарын айқындайды. Мұндағы әрбір көрініс табиғат пен адамзат үйлесімінің көркем бір көрінісіндей әсер қалдырады.
Мұнда ауыл шаруашылығы, ағаш өңдеу және пайдалы қазбаларды игеру салалары қарқынды дамып, инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Сонымен қатар аудан бай мәдени көптүрлілігімен ерекшеленеді. Түрлі этнос өкілдері ондаған жылдар бойы дәстүрлерін сақтап, өзара сыйластықты нығайтып, өзіндік мәдени ортаны қалыптастырған.
Мәдени күндерінің алғашқы күні өңірдегі екі жетекші жоғары оқу орнында – С.Аманжолов атындағы ШҚУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-де бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Онда жастарға Алтай ауданындағы еңбек және мансаптық мүмкіндіктер таныстырылды. Ал «Maxi Mall» сауда орталығында Жастар ресурстық орталығы Абайдың 180 жылдығына арналған «Ұлы Абайдың қара сөздері» атты викторина ұйымдастырды.
Серебрянск қаласындағы музыка мектебінің оқытушылары Шығыс Қазақстан өнер училищесінде халық әртістері, ағайынды Абдуллиндер атындағы оқу орнында студенттермен кездесу өткізді. Күннің қорытындысы Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен облыстық хоккей турнирімен түйінделді.
Бүгін облыстық филармонияның фойесінде бірнеше көрме алаңы қатар ашылды. Алтай қаласынан келген шебер Ирина Самойлова жасаған қазақ аруларының авторлық қуыршақтар көрмесі келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Ирина әзірге өзге жандарды үйретумен айналыспайтынын, бірақ өзі онлайн-курстар арқылы үнемі жаңа техникаларды меңгеріп жүретінін айтады. Оның коллекциясында 150-ден астам қуыршақ бар. Сондай-ақ, ол «Asiadol» қазақстандық шеберлер бірлестігінің мүшесі.
Алтай ауданы Бородино орта мектебінің технология пәні мұғалімі Андрей Лаптев оқушыларымен бірлесіп дайындаған ағаштан жасалған сәнді бұйымдар топтамасын ұсынды.
Алтай қаласындағы №11 мектептің оқушылары «Абай әлемі» атты суреттер мен киіз бұйымдар көрмесін ұйымдастырды. Биыл мектепте Абай Құнанбайұлы атындағы зал ашылып, онда оқушылардың еңбектері қойылған. Сол жұмыстардың бір бөлігі бүгін көрмеге шығарылды. Сонымен қатар оқушылар Абай шығармалары бойынша әдеби композиция – сахналық қойылым көрсетті. Жас өнерпаздардың шеберлігі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көрме барысында осы мектептің түлегі Максим Беков ақынның сөзіне жазылған «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындады.
Көрме Алтай ауданының этномәдени байлығын да айшықтады. Алтай ауданының Достық үйі алты этносты – қазақ, славян, неміс, шешен, татар және украин қауымдарын біріктіреді. Этномәдени бірлестіктер ұлттық киім үлгілерін, тұрмыстық заттар мен қолданбалы өнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Көрмеден кейін қала тұрғындары мен қонақтары Алтай ауданының шығармашылық ұжымдары қатысқан гала-концертті тамашалады.
Сахнада ауданның символына айналған «Зыряночка» үлгілі ансамблі өнер көрсетті. Ұжым ауқымды вокалдық-хореографиялық попурриді ұсынды. Биыл ансамбльдің құрылғанына 45 жыл толды.
«Балагуры» үлгілі би ансамблі өзбек биін орындады. Ұжым солисі Дарья Черкасованың айтуынша, бұл нөмірдің дайындалуына шамамен бір жарым жыл кеткен. Ансамбльде 16 жас биші бар, олардың әрқайсысы биге хобби ретінде емес, үлкен шығармашылық жолдың бір бөлігі ретінде қарайды. Би күрделі пластикасымен және айқын эмоциялық бояуымен ерекшеленді.
Көрермендер «Здесь мой дом, здесь я родился» және «Көзімнің қарасы» әндерін ерекше ықыласпен қабылдады.
Көрме мен концертті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов тамашалап, шығармашылық ұжымдардың дайындығы мен бағдарламаның жоғары деңгейін атап өтті.
Алтай ауданының мәдени күндері 13 желтоқсанда жалғасады. «Алтай» көтерме-тарату сауда орталығының аумағында (Жібек Жолы көшесі, 44) дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Таңғы сағат 8:00-ден бастап Өскемен тұрғындары мен қонақтары аудан фермерлері мен өндірушілерінен қолжетімді бағамен таза әрі табиғи өнімдерді – сиыр, жылқы, қой еті, құс еті, көкөністер, сүт өнімдері, күнбағыс майы, балық, бал мен түрлі нан-тоқаш өнімдерін сатып ала алады.
Сонымен қатар қонақтар үшін ұлттық ойындар қамтылған спорттық-сауықтыру бағдарламасы ұсынылады.
Роксана Глыбова
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Руслан Акматалиев















