Әлеуметтік желіде Өскемен қалалық полиция қызметкерлері жауап алу кезінде 5 сағаттан артық уақыт ұстаған әйел адамның көз жұмғаны туралы ақпарат тарады.
ШҚО ПД аталған жағдайға қатысты түсінік берді. Олардың айтуынша, әйел адам тірі, ал ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан өзін Нұржан Биқожа деп таныстырған елордалық адвокат өзіне белгісіз бір азаматтың хабарласып, көмектесуін сұрағанын айтады.
"Маған бір жігіт хабарласып, көмек сұрады. Оның айтуынша, анасын құқық қорғау органдары ұстап алып кеткен, 5 сағаттан артық полиция бөлімшесінде болған әйел адам біраз уақыт өткенде өзін нашар сезіне бастаған көрінеді. Алайда тергеуші жауап алуын тоқтатпаған. Анасының жағдайынан хабардар болған ер бала бірден жедел жәрдем шақырып, өзі де бөлімшеге бірге барыпты. Медицина қызметкерлері әйел адамды ауруханаға жатқызған, десе де көп уақыт өтпей ол көз жұмды" делінген видеода.
ШҚО ПД аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып отыр.
"12 мамыр күні сағат 22.28 шамасында облыс орталығындағы Ертіс полиция бөлімшесіне жоғалған материалдық құндылықтарын табуға көмек сұрап қала тұрғыны жүгінген. Бұл факт ақпаратты есепке алу кітабына тіркелді. Артынша, белгілі болғандай, өтініш берген тұрғынның үйінде 59 жастағы азаматша жұмыс істегені анықталып, ол 12 мамыр күні сағат 22:38-де түсініктеме беру үшін шақырылды", дейді ШҚО ПД.
Ал әйел адам сағат 23:38-де келіп, жедел-тергеу тобын күтіп отырған. Сағат 00:26-да әйел кезекшіге жағдайының нашарлап бара жатқаны туралы айтып, оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған.
"Бұл бейнебақылау камераларынан түсірілген бейнежазбамен расталады. Қазіргі уақытта әйел адам тірі, ауруханада жатыр. Оған гипертония диагнозы қойылды" делінген хабарламада.