Жауапсыз ана 6 жастағы ұлымен қоса өзі тұрып жатқан пәтерді өртеп жібере жаздады
6 жастағы ұлымен бірге тұратын семейлік әйел өзін-өзі өлтіру мақсатында дәрі ішіп, пәтерін де өртеп жібере жаздады, бала 112 нөміріне қоңырау шалып, көмек сұраған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Оқиға 14 маусымда болды. 101 қызметіне ұялы телефон нөмірінен белгісіз әйел адам хабарласып, дәрі ішіп алғанын және дәл қазір пәтерін өртейтінін айтқан. Диспетчер одан мекен-жайын сұраған, алайда ол айтудан бас тартады. Бұдан кейін диспетчердің қоңырауларына жауап бермей қойған.
Біраз уақыттан кейін 112 нөміріне кішкене бала қоңырау шалады. Ол анасының көп дәрі ішкенін, үйдің ішінде қағаздардың, кілемнің өртеніп жатқанын айтып, көмек сұрайды. Диспетчер баладан анасының аты-жөнін, мекен-жайын анықтап алады.
Оқиға орнына келген құтқарушыларға әйел есік ашпайды. Пәтердің ішінен баланың шырылдап жылаған дауысы естіліп жатқан соң, құтқарушылардың бір бөлігі есікті бұзып, қалғаны арнайы саты арқылы терезеден кірмек болады.
"43 жастағы әйел диванда 6 жастағы баланы жібермей ұстап отырды. Құтқарушылар екеуін де далаға шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырады. Әйел Бүйрек орталығының токсикология бөліміне дәрі-дәрмекпен улану диагнозымен жатқызылған. Бала дін аман, денсаулығына еш зиян келген жоқ", деп жазады мәлімет көздері.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда.