Катонқарағайда туристер саны жыл санап артып келеді
Сурет: Мерей Қайнарұлы
Төр Алтайға ағылған туристер саны жыл санап артып келеді. Катонқарағай ауданы әкімінің ақпаратына сүйенсек, 2020 жылы 8300 турист табан тіреген. 2021 жылы пандемия салдарынан саяхатшылар саны 5300-ге түскен.
Алайда 2022 жылы көрсеткіш күрт жоғарылап, көрікті мекенге келушілер 38 мыңға жетті,
Бұл – Катонқарағайға ресми түрде келген туристер. Ал бейресми түрде жүз мыңнан астам турист келгенін айтады аудан әкімі.
– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауылдық туризмді дамытуға арналған бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Жоғарыда аталған көрсеткіштер бағдарламаның сәтті жүзеге асып жатқанын аңғартады. Жалпы, туризмнің дамуы жол, көлік, байланыс, электр және су мәселесіне тікелей байланысты. Сондықтан біз туристік салада еңбек етемін деген кәсіпкерлерге инфрақұрылымы жақсы ауылдарды ұсынамыз, – деді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиханұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.