KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
443.44 480.51 4.88

Өскемен - батырлар қаласы

фото: the-steppe.com

9.05.2024, 16:57 78 Оразай Жеңісұлы

Өскеменде батырлардың есімімен аталған көшелер көп, мәселен Мыза, Карбышев, Ватутин көшелерімен жүрмеген адам кемде-кем шығар. Бұл фамилиялар көптің ауызында, жиі айтылады, естіледі. Дегенмен, осы адамдардың кім екенін аға буын жақсы білсе, кейінгі жастар біле бірмес. Аталған үш адам да – Ұлы Отан соғысының батыры, туған жерлері үшін жандарын қиған патриоттар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мәселен, Дмитрий Карбышев (1880 – 1945) – неміс тұтқынында азапталып өлтірілген генерал-лейтенант, ұлты – татар.

Ол 1918 жылдан Совет армиясы қатарында қызмет атқарды. Сібір кадет корпусын, Николаев инженерлік училищесін, кейін инженерлік академиясын бітірген. Профессор, әскери ғылым докторы атақтары бар.

Азамат соғысы кезінде қорғаныс аумағының құрылыс жұмыстарын басқарды, Шығыс майданының 5-ші армиясы инженерлерінің бастығы болды. Орал қорғанысына қатысты.

Ұлы Отан соғысының бас кезінде-ақ майданда ауыр жараланып тұтқынға түсті. Фашистердің өлім лагерінде әскери тұтқындар арасында антифашистік үгіт жүргізді. Германияға қызмет етуден үзілді-кесілді бас тартқан соң фашистер оны Маутхаузен лагерінде азаптап өлтірді.

Дмитрий Михайлович түрлі орден-медальдармен марапатталған. 1965 жылғы 24 сәуірде Өскемен қалалық кеңесі Заречная көшесін Карбышевтің құрметіне атаған.

Ал Ұлы Отан соғысы кезіндегі көптеген сәтті операциялардың қолбасшысы болған көрнекті әскери қолбасшы Николай Ватутинге Кеңес Одағының батыры атағы 1965 жылы берілген болатын.

Армия генералы, 1-ші Украин майданы әскерлерінің қолбасшысы Николай Ватутин (1901–1944) бас штабта жоғары лауазымдарды иелене отырып, стратегиялық әдіс-қиылдарын, білімі мен тәжірибесін кеңінен қолдана алды.

– Николай Федорович жалпыхалықтық сүйіспеншілікке ие болды. Ол – әскерді басқарудың көрнекті шебері, Отанының патриоты. Днепрден өту және Киевті азат ету кезіндегі, Сталинград пен Курск маңындағы жеңістерімен халық есінде қалды, – деген еді кезінде Кеңес Одағының маршалы А. Василевский.

1944 жылы 29 ақпанда Н. Ватутин жау оғынан жарақат алды. Қаланың әскери госпиталінде, содан кейін Киевте оның өмірі үшін ең мықты дәрігерлер, оның ішінде әйгілі хирург Н. Бурденко күресті. Алайда талантты қолбасшыны құтқару мүмкін болмады, ол 1944 жылдың 15 сәуіріне қараған түні қайтыс болды. 17 сәуірде Н. Ватутин Киевтегі Мария саябағында жерленді.

1955 жылы Өскемен қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімімен Лесозавод кентінің Первомайская көшесіне Николай Ватутиннің есімі берілді.

Жерлесіміз, 3-ші Украин майданы 185-ші гвардиялық атқыштар полкі командирінің орынбасары, гвардия капитаны Владимир Мыза 915 жылы 24 ақпанда Өскемен қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1932 жылдан бастап отбасымен бірге Кемерово облысында тұрған. Сонда орта мектепті және ФЗО-ны бітірген. Новокузнецк қаласындағы металлургиялық комбинатта құрылысшы болып жұмыс істейді. Омбы көркем техникумына түседі.

1937-1939 жылдары Қызыл Армия қатарында болды. 1941 жылы Кемерово жаяу əскерлер училищесін бітірген. 1942 жылы ұрыстарға араласады.

1943 жылдың 26 қарашасына қараған түні 185-атқыштар полкінің батальоны Днепр өзенінен өтіп, Разумовка селосы маңындағы (Запорожье облысы) плацдармға бекініс құрды. Осы уақыт ішінде Мыза батальоны 13 қарсы шабуылды тойтарып, оларға ауыр соққы берді. 1944 жылы 30 қаңтарда 3-ші Украин майданы жауынгерлері шабуылға шығып, Никопольск-Кривой Рог операциясы басталды. Осы ауыр күндерде гвардия капитаны В. Мыза сырқаттанып қалған комбаттың орнында еді. Миролюбовь-Красиндорф ауданында немістер қорғанысына қатты соққы беру кезінде батальонды шебер басқара білді. 1944 жылы 5 ақпанда Днепр облысы Никопольск ауданы Новоивановка селосы маңында минометпен атқылау кезінде жақыннан жарылған неміс минасынан В. Мыза ауыр жарақат алды. Капитан медсанбатқа жеткізілді, бірақ ертеңінде қайтыс болды. Новоивановка селосында жерленген.

1944 жылғы 22 ақпанда Мыза Владимир Ивановичке Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Өскемен қаласында Мыза атындағы көше бар, өзі оқыған мектепке мемориалдық тақта орнатылған.

Соғыс кезіндегі көптеген құжаттарда Батырдың тегі «Мызо» деп қате берілген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив