Семейде қалалық перинаталдық орталықтың құрылысы тоқтап тұр
Биыл Семейдегі перинатальдық орталықты кеңейту үшін қосымша тағы екі ғимараттың құрылысы басталған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қос ғимаратқа 2 миллиардтан аса теңге бөлінді. Тендер өткізіліп, қаржы да мердігер компанияға уақтылы берілген. Бірақ медициналық мекеменің құрылысы тоқтап қалды. Бүгінге дейін жалпы жұмыстың 25%-і ғана аяқталған.
Перинаталдық орталық директорының айтуынша, қос ғимараттың бірі биыл тамыз айында, екіншісі қазан айында пайдалануға берілуі тиіс еді.
Алайда, қазір нысандардың астан-кестеңі шығып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жұмысына жауапсыз мердігермен келісімді бұзып, басқа құрылыс компаниясын іздеуге мәжбүр болды.
- Қосымша нысанды салу үшін тендерді көкшетаулық бір құрылыс компаниясы жеңіп алды. Ол мердігермен құрылысты тамыздың біріне дейін бітіру жөнінде мамыр айында келісімге отырдық. Яғни, тамыз айында жаңа орталыққа біртіндеп көшуіміз тиіс болатын. Қазір жалпы жұмыстың 25%-і ғана істелген. Ал Семей қаласында бүгінде жүкті әйелдерді қабылдайтын бір ғана мекеме бар. Ол тарлық етіп отыр, - дейді қалалық перинаталдық орталық директоры Архат Дайырбеков.