Қала күніне орай Өскеменде қандай нысандар ашылады?
Өскеменде Қала күніне орай бірнеше нысанды абаттандыру жұмыстары аяқталады, деп жазады қала әкімі Жақсылық Омар өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның алғашқысы - қалаға кіре берістегі Шешек тауында орналасқан стелла. Қала әкімінің айтуынша, қазіргі онда бетоннан құйылған тұғырды ауа райы жағдайына төзімді болып келетін арнайы бояумен қаптау жұмыстары ғана қалды.
Сонымен қатар Қала күніне қарай 19-шы ықшам ауданындағы аллея да ашылады. Қазір онда орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылып, екі воркаут алаң орнатылуда.
Бұлардан бөлек, қыркүйектің соңына дейін "Менің аулам" бағдарламасы бойынша жөндеуден өткен 55 ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталады.
- Аталмыш бағдарламаның Юбилейный көшесіндегі 13-ші және 15-ші үйлердің ауласына пайдасы зор болды. Көп уақыттан бері тұрғындар балаларға арналған алаңды өз күштерімен күтіп ұстап жүріпті, алайда метталл конструкциялар мүлде жарамсыз күйге түскен. Енді бұл аулада түрлі жаттықтырғыштармен жабдықталған балаларға арналған ойын алаңы пайда болады, - дейді Жақсылық Омар.