Қараталдағы дауыл. Комиссия жұмысын бастап кетті
4 қыркүйекте Зайсан ауданында табиғи апат болғаны жайлы жазған едік. Ресми ақпаратқа сүйенсек, сағат 18:00 шамасында қатты құйын соғып, Қаратал ауылындағы 34 нысанды талқандап кеткен. Үйлердің шатыры, қора-жайлар, көшедегі бағаналар, қоршаулар қираған. Жауапты мамандар тұрғындармен кездесіп, келтірілген шығынды көздерімен көріп қайтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Серік Тілемісовтың айтуынша, табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай комиссиясы құрылған. Комиссия құрамында арнайы мамандар мен қоғам белсенділері және тұрғындар бар.
- Бүгін аудан әкімінің орынбасары Серік Тілемісовпен бірге әр үйді аралап, актілеп қайттық. Қазір келтірілген шығын мөлшері есептеліп жатыр. Бүгін ауыл көшелеріндегі ұшып кеткен заттарды тиеп, жинаймыз. Абырой болғанда адам шығыны жоқ, - дейді Қаратал ауылдық округінің әкімі Қайрат Кәрімов.