Жаңаауылда жағдай қалыпты – ауыл әкімі
Қатты жауған жаңбырдың салдарынан Тарбағатай ауданына қарасты Жаңаауыл елді мекенінде бірнеше тұрғын үй мен қора-жайларға су кірді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ауыл әкімі Дәуітбек Ниязбековтың айтуынша, 19 шілде күні кешке қарай қатты нөсер жауған. Шамамен бір сағаттай тоқтаусыз құйған жаңбырдың суы жинала келіп, арық-жылғалармен ауылға кірген.
– Қалың жауын-шашынның салдарынан бірнеше жеке тұрғын үйге және 15-тей қора-жайға су кірді. Ауылға іле-шала жеткен өрт сөндіру қызметі су кірген үйлер мен қора-қопсыны мотопомпаның көмегімен сорғытуға кірісті. Қазір жағдай қалыпты, ешқандай қауіп жоқ, – дейді ауыл әкімі.
Мотопомпаның көмегімен 7 мың текше метр су сорып шығарылған екен.
Бүгін аудан әкімі Серікқазы Садуақасов жауапты сала басшыларын ертіп, Жаңаауыл ауылына келді. Ауылдағы барлық үйді аралап, жағдайды көзімен көрген.
– Аудан басшысы өзі келіп көрді. Су кірген үйлердің бір-екеуі ғана бүлінген. Қалғандары аман. Қора-жайлар да бұзылған жоқ. Келтірілген зиянды анықтау үшін жуық арада арнайы комиссия құрылатын болады, – деді Дәуітбек Ниязбеков.