"Төтенше жағдайға" жатпайды. Қараталдағы құйынның зардабы - 3 млн теңге
ШҚО, Зайсан ауданы, Қаратал ауылында осыдан төрт күн бұрын аяқ астынан алапат құйын көтеріліп, көп үйдің шатыры мен қоршауын қиратып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, құйын - кинолардан ғана көретін кәдімгі торнадодан кем болмапты. Ең бастысы адам да, мал да аман.
- Алғашында қап-қара бұлт үйіріліп келе жатқандай көрінген, жел әп-сәтте құйынға айналып бір көшені талқандап өтті. Шатырларды шашып, электр бағандарын құлатып, сымның бәрін үзгенін көрсеңіз, - дейді ауыл тұрғыны Мұратхан Апсаленов.
Ауыл әкімі Қайрат Каримовтың айтуынша, зардап шеккен үйлердің саны - 34.
Әр үйдің бүліну деңгейі әр түрлі. Дегенмен, шатыры түгел қираған үй жоқ. Жартылай сынған, немесе бірнеше қаңылтыры ұшқан.
- 4 қыркүйек күні кешкі сағат 18-30 шамасында болған оқиға. Құйын екі-ақ минуттың ішінде біраз дүниені қиратып кетті. Ертеңінде ауданда жедел штаб құрылып барлық апаттық қызметтер мен жауапты органдар, мердігерлер бірлесе кеңес өткіздік. Үйді-үйді аралап шығын мөлшерін анықтадық, - дейді ауыл әкімі.
Шығын мөлшері 3 млн теңгеге бағаланыпты. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, әр үйге шамамен 90 мың теңгенің айналасында материал жұмсалады екен.
- Оқиға "төтенше жағдай" санатына жатқызылмайды. Табиғи апат салдары ауыр болған жағдайда ғана,(халықтың баспанасыз қалуы, адам шығыны деген сияқты) мемлекет тарапынан қаржы қарастырылады. Ауыл, жалпы аудан тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында, демеушілердің қолдауымен 3 млн теңге көлемінде ақша жиналып, үш күннің ішінде бүлінген шатырдың барлығы жөнделді, енді Семейден келетін шиферді ғана күтіп отырмыз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Қанағат Қалелұлы.