KZ
Өскемен
-28°
плотный туман жел 2 м/с, СБ
518.39 603.09 6.68

Гашиш майы мен ұялы телефондар: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлерінің қырағылығы

Бүгін, 09:30 78 Төлеуғазы Жансая

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 6679 әскери бөлімінің және Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері түзеу мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды алып өтуді көздеген екі қылмыстың  жолын кесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасы және «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Қылмыстық атқару жүйесі нысандарын қорғау мен бақылау іс-шаралары ел көлемінде күшейтілген болатын. Бұл өз кезегінде сотталғандарға арналмаған заттарды өткізуге бағытталған құқыққа қайшы әрекеттерді алдын ала анықтап, жедел тоқтатуға мүмкіндік берді.

– 2025 жылғы 9 желтоқсанда сағат 12:15 шамасында 6679 әскери бөлімі күзететін мекемеде келіп түскен сәлемдемені тексеру кезінде бақылау және қадағалау взводының бақылаушысы құрма қаптамасының ішінен өзіне тән иісі бар, белгісіз зат салынған он түтікті анықтады. Тергеу-жедел тобының алдын ала деректері бойынша, бұл түтіктердің ішінде гашиш майы болуы мүмкін. Табылған заттар тәркіленіп, тиісті сараптамаға жіберілді. Сол күні басқа түзеу мекемесінде келіп түскен тамақты тексеру барысында тамақ салынған контейнердің ішіне жасырылған бес мобильді телефон, бес құлаққап және төрт SIM-карта анықталып, тәркіленді, – делінген Ұлттық ұланның ресми хабарламасында.

Тыйым салынған заттарды жеткізуге бағытталған екі әрекет те Ұлттық ұлан мен ҚАЖ қызметкерлерінің кәсіби және үйлесімді жұмысының арқасында дер кезінде тоқтатылды. Аталған деректер бойынша барлық материалдар әрі қарай қарау және процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға тапсырылды.

Ұлттық ұлан қызметі түзеу мекемелерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, сотталғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еліміздегі заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытында жұмыстарды жалғастыра береді.


Фото: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу