ФИФА Қазақстан футболына 1,5 миллион доллар береді
Қазақстан футбол федерециясы ФИФА-дан 1,5 миллион доллар көмек алады. Бұл қаржы коронавирус пандемиясының кесірінен келген шығындарды өтеу үшін жұмсалатын көрінеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Vesti.kz-тің ақпаратына сүйенсек, ФИФА барлық 211 ұлттық федерацияға көмектеседі: грант ретінде миллион доллар және әйелдер футболы үшін 500 мың доллар.
Гранттардан бөлек федерациялар бес миллион долларды пайызсыз несие ретінде ала алады. ФИФА бұл мақсатта барлығы 1,5 миллиард доллар жұмсамақ.
Ақша елдерге 2021 жылдың қаңтар айына дейін түседі. Федерациялар бұл ақшаны жарыстарды қайта бастау, ойынға қайту хаттамасын іске асыру, ұлттық командарлардың жарыстарға қатысуы, персонал жалдау, футбол инфрақұрылымы, сондай-ақ әкімшілік пен эксплуатациялық шығындарға жұмсай алады.
Еске салайық, футболдан Қазақстан чемпионаты коронавирус пандемиясына байланысты екі рет - наурызда және шілдеде шегерілген болатын. Кейін 3 тамызда өткізу жоспарланған. Алайда 29 шілдеде карантин режимі екі аптаға ұзартылған еді.