Қазақстанда коронавирус инфекциясын емдеудің жаңа хаттамасы қабылданды
Медицина қызметінің сапасы жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысында 9-шы редакциядағы коронавирус инфекциясын емдеудің хаттамасы қабылданды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлығымыз COVID-19 жұқтырғандардың күн сайын өсіп жатқанын көріп алаңдаймыз, олардың дені симптомы жоқ науқастар. Олар қалай ауырады, оларды қалай емдеу керек? Оларды емдемейді, бақыламайды, олар қараусыз қалады деген кереғар пікір қалыптасты. Сондықтан осы мәселеде ашық айта кетейін, отырыста талқыланған ауру белгісі жоқ науқастарға медициналық көмек беру жөніндегі хаттамалардан алынған жауаптарды жеткізейін», - деді Людмила Бюрабекова.
Жаңа редакциядағы хаттамаға сәйкес;
- COVID-19 симптомы жоқ науқас та инфекцияны жұқтырушы, оларда 14 күн ішінде (инкубациялық кезең) клиникалық белгілер пайда болуы мүмкін.
- Симптомы жоқ науқастар үйінде немесе карантин нысанында Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің келісімі (МСАК) бойынша ҚР Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысына сәйкес эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып медициналық бақылауға алынуы тиіс.
-COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырған тұлға үйінде немесе карантин нысанында МСАК-тың келісімі бойынша эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып медициналық бақылауға алынуы тиіс. COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырған тұлғаға этиотроптық емдеу жүргізілмейді.
Амбулаториялық жағдайда бақылау келесі алгоритм бойынша жүргізіледі:
- күн сайын қоңырау шалып хабарласу;
- жалпы жағдайды бағалау, дене қызуы, шағымды анықтау (жөтел, тыныс алудың қиындауы, әлсіздік, терлеу, іш өту, дене бөртуі, миалгия және тағы басқалары), сатурация (мүмкіндік болса);
- видеоконсультация (қажеттілік болса), 3 күнде 1 реттен көп емес. - бақылау кезеңінде клиникалық симптомдар күшейіп кеткенде (дене қызуының көтерілуі, жөтел, тыныс алудың қиындауы, демікпе) пациент инфекциялық стационарға жіберіледі.
- Жеңіл түрімен ауырғандарда жоғары дене қызуы болмаса және респираторлық симптомдардың регрессиясы байқалмаса, сондай-ақ мұрын қуысының жағысындысынан алынған ПТР тесті бірнеше рет теріс нәтиже көрсетсе медициналық бақылаудан алынып тасталады.
Медициналық көмек көрсетудің негізгі бағыттары:
- Пневмонияның клиникалық белгілерін ерте анықтау және дер кезінде ауруханаға жатқызу;
- ауруларға мониторинг жүргізу;
- аурудың күшейіп кетуін және ауырлай бастауын тоқтату үшін емдеуді ерте бастау.