KZ
Өскемен
-10°
туман жел 1 м/с, В
530.12 546.08 5.17

Өскемендік тәрбиешілер әдеби-музыкалық кеш өткізді

6.03.2020, 04:56 160

Жуырда облыстық драма театрында Өскемен қаласы білім беру бөлімінің және балалар бақшаларының ұйымдастыруымен «Абай – ұлылардың ұлысы» әдеби-музыкалық қойылымы өтті.

Қойылым мақсаты Абайдың рухани мұрасын насихаттау, туындыларының мазмұн-мағынасын ұғындырту, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, Абай шығармашылығына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, ұрпақты отансүйгіштікке, ұлттық мәдениетке, әдеби сөйлеуге тәрбиелеу, білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.

Іс-шараға облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің мамандары, мектептер мен балабақшалардың басшылары, педагогтары, ата-аналар қатысты.

– Өзге елдер қазақтың көрнекті өкілдері арқылы халқымыздың болмысы мен руханиятын таниды. Сондықтан біз Абайды әлемге Қазақстанның бренді, ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде кеңінен таныстыру қажет, бұл – қазіргі ұрпақтың борышы, – дейді облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының бөлім меңгерушісі Динара Кәкетаева.

Театрландырылған қойылым Абайдың Семейдегі Ахмет-Риза медресесінен оралған кезінен басталып, балабақшалар тәрбиеленушілері, педагогтары мен директорларының өнер көрсетуімен жалғасты. Атап айтсақ, «Күншуақ» балабақшасының директоры мен педагогтары «Желсіз түнде жарық ай» әнін хормен орындап, №15 «Рахат» балабақшасының бүлдіршіндері «Шаттық» биін, ал №45 «Болашақ» балабақшасының кішкентайлары «Қызғалдақ» биін биледі. «Қарлығаш» балалар бақшасының тәрбиешілері мен бүлдіршіндері қойған «Құмырсқа мен шегіртке» қойылымы ерекше әсерлі шығып, көрермен көңілін бір көтеріп тастады. Балабақша тәрбиеленушілері мен басшылары қазақ және орыс тілдерінде Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін нақышына келтіре оқып шықты. Тіпті, Абайдың «Торжорға» күйі де орындалды. Кеш директорлардың бірлесе шырқаған «Көзімнің қарасы» әнімен аяқталды.

– Тәрбие мен оқытудың алғашқы сатысы – балабақша. Сол себепті ақын мұрасын насихаттау мақсатында Өскемендегі барлық бақшалардың мамандары ата-аналар қауымымен, балалармен бірлесе отырып, осы үлкен қойылымды ұсынды. Кеште Абайдың қара сөздері де айтылды, табиғат лирикасына да тоқталдық, өмірден өтер алдында шығарылған әндері шырқалды. Мұндай іс-шаралар жыл бойы жалғаспақ. Іс-шараға қатысқан барлық әріптестеріме, ата-аналарға, бүлдіршіндерге алғыс білдіремін! – деді қойылымды ұйымдастыруға атсалысқан №20 «Нұршуақ» балабақшасының директоры Венера Әубәкірова.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу