KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 1 м/с, С
530.12 546.08 5.17

Абайды оқыту балабақшадан басталуы тиіс

28.11.2019, 07:22 180

Абайдың мол мұрасы, нақыл сөздері өскелең ұрпақта рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптастыру үшін аса қажет. Балабақша – білім мен тәрбие берудің алғашқы баспалдағы. Сол себептен Абайдың шығармашылығымен бүлдіршіндер ең алдымен осы балалар бақшасында танысуы тиіс.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Өскемен қаласы білім беру бөлімі мен №11 «Айгөлек» балабақша-бөбекжайы өткізген Абайдың 175 жылдығына арналған қалалық семинарға қатысушылар осылай дейді.

Қалалық балабақшалардың әдіскерлері, тәрбиешілері, музыкалық жетекшілері мен тіл мамандары «Абай Құнанбаевтың шығармашылығы және әдеби мұрасы» семинары барысында Абай тақырыбына негізделген сабақтарға қатысып, өзара пікір алмасты және балабақшадағы «Малышок» театрының Ұлы ақынның өмір жолына арналған қойылымын тамашалады.

– Бүгінгі семинарға жиналған тәрбиешілер құнды тәжірибе алып кетеді деп сенемін. Олар өз мекемелерінде осы тақылеттес іс-шаралар өткізері сөзсіз. Интернеттен «Абай, сценарий» деп іздесеңіз көптеген ақпарат шығады, бірақ нақ оосы мектеп жасына дейінгі балаларға, оның ішінде өзге ұлт өкілдеріне арналған ұтымды сценарийлер жоқтың қасы. Ал, «Айгөлек» балабақшасы бүгін аталған тақырыпта бірнеше сабақтың үлгісін ұсынып отыр, – деді қалалық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Ережепова.

Семинар барысында үш тілде 6 интербелсенді-ойындық және ақпараттық-коммуникативтік ашық сабақ өтіп, бүлдіршіндер театрлық қойылым көрсетті. Осылайша балалар өз қабілеттерін паш ете отырып, қазақ халқының Ұлы перзенті Абай Құнанбаевты көбірек танып-біле түсті. Театр жетекшісі Татьяна Гребенюктің айтуынша, балақайлар өз рөлдерін ынтамен, қызыға ойнап шыққан.

– Мен бүгінгі балалардың дарындылықтарына таң қалдым. Абайдың, оның әкесі Құнанбайдың, анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің ролдерін сомдап шыққан балаларға дән ризамын! Қойылым барысында сол дәуірге сапар шегіп, Абайдың ауылында қонақ болғандай сезімде отырдым. Балабақша ұжымының қажырлы еңбегін атап өткен орынды, – дейді №42 балабақшаның музыкалық жетекшісі Әлфия Бітімбаева. Он жылдық өтілі бар «Бүлдіршін» балалар бақшасының әдіскері Әлмира Белдеубаева да семинардан мол мәлімет алғанын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Іс-шара аясында мекеменің фойесінде Абайдың шығармалары бойынша «Жыл мезгілдері» атты балалар суреттерінің көрмесі де ұйымдастырылды.

– Біздің балабақша Елбасының және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларын әрдайым басшылыққа алып келеді, оған дәлел ретінде 2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында балабақшамызда қазақ тілінде білім беретін «Үміт» қосымша тобын құрдық, 2017 жылы «Мәңгілік Ел» кабинетін аштық. Биыл біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған қалалық семинарды өткізіп отырмыз. Өз қызметімде мен біртуар ақынның «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген нақыл сөзін әрдайым басшылыққа алып, қайталап отырамын, – дейді «Айгөлек» балабақшасының директоры Дина Раимбаева.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу