«Қазақша сөйлеуді үйрет!» Белгілі блогер жаңа бастама көтерді
Белгілі блогер әрі журналист Максим Рожин еріктілер жылына орай мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті азаматтарға көмектесуге шақырды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Тіл жанашырларын қазақша үйренгісі келетін адамдарға көмектесуге шақырамын. Еріктілер жылында осы бір ізгі азаматтық бастаманы қол алайық. Тәуелсіздіктің отыз жылын артқа тастағаннан кейін мемлекеттік тілді меңгеремін деген азаматтарға қол ұшын берейік. Өз досыңа, әріптесіңе, көршіңе, серіктесіңе қазақша сөйлеуді үйрет. Ұтымды тәжірибе жасап, үйірмелер мен клубтар ашып, үздік тіл мамандарына жүгінейік, – деп жазды Максим Рожин өзінің Facebook парақшасында.
Сондай-ақ блогер әлеуметтік желіге акцияға қатысуға дайынмын деген азаматтардың суретін жариялады.
– Бұл мәселеде әркім бір-бір ментор болуы тиіс. Абай, Әуезов, Уәлиханов, Байтұрсынов, Дулатов, Тілендиев, Мағауин сөйлеген тілде сөйлегісі келетіндерге көмектесейік, – дейді Рожин.
Желі қолданушылары бұл ұсынысқа бірден қолдау білдірді. Біреулер қазақ тілін үйренуге тілек білдіріп жазса, енді біреу қазақ тілін үйретуге дайынмын деп пікір қалдырды.