Түрмедегі бір күн - ШҚО-да шенеуніктер экскурсияға шықты
ШҚО-ның шенеуніктері Қылмыстық атқару жүйесі ОВ 156/20 ерекше тәртіптегі түзеу колониясында бір күнге созылған экскурсия жасады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аталмыш мекемеде аса ауыр қылмысқа барған сотталушылар жазасын өтейді екен.
Шенеуніктер отрядатрды, тігін және жиһаз цехтарын аралады, бейнебақылау камераларын көріп, сотталушыларға жасалған жағдаймен танысты, асханадан дәм таттты.
- Басында жай қызықтаған еді, бірақ артынан келген қонақтардың көңіл-күйі өзгеріп сала берді, жүздерін мұң басты, - дейді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ШҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Ренат Набиев. – Бұл жкскурсияның мақсаты – жемқорлыққа бет бұрғандардың жұмысын, отбасын қандай өмірге айырбастауы мүмкін екенін көрсету еді. Өз көзіңізбен көріп, қорытынды шығарыңыздар деген мақсатта.
Осы іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеме мен Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бірлесе ұйымдастырып отырғанын айта кеткен жөн. Экскурсияға «Шығыс - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен аймақтық ақпараттық-ағартушылық штабтың басшылары қатысып отыр.
Шенеуніктерге арналған мұндай экскурсия алдағы уақытта да жалғасын табады. Жуық арада сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталғандар жазасын өтейтін орындарға экскурсия жасалмақ.