"Мемлекеттік қызметке жасанды дипломмен". ШҚО
Облыс орталығында 38 жастағы азамат жасанды дипломмен жұмысқа орналаспақ болған. Бұл туралы қалалық №2 соттың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қыркүйек айында 38 жастағы азамат мемлекеттік қызметке орналаспақ болған. Ол Алматының әлдебір оқу орынын «қаржы және несие» мамандығы бойынша бітіргені туралы жасанды диплом ұсынған. Бұл заңбұзушылықты ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары анықтады», – деп жазылған ақпаратта.
Күдікті өз кінәсін мойындаған.
«Күдіктінің қылмысын мойындағанын, бұрын сотталмағанын, балаларының жастығын ескере отырып сот күдіктіге жеңілдік қарастырды. Оған 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (75 750 теңге) айыппұл салды. Оған қоса, күдікті жапа шеккен тарапқа 12 625 теңге өтемақы беруге міндеттелді», – делінген ақпаратта.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, шешім заңды күшіне енді.