Аягөз-Алматы тас жолында 71 жолаушысы бар автобус қамалып қалды
Аягөз-Алматы тас жолында 71 жолаушысы бар автобус қамалып қалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қаңтар айы соңғы күндері қаһарына мініп ШҚО жұртшылығын біраз әбігерге салды. Толассыз жауған қар мен қатты дауылдың кесірінен сабақтар тоқтатылып, тас жолдар бірінен соң бірі жабылды.
Естеріңізде болса, 25 қаңтар сағат 20:30-дан бастап Аягөз-Алматы тас жолы ауа-райы қолайсыздығынан жабылып қалған. Соның кесірінен Семей-Мақаншы, Семей-Барлыкарасан, Семей-Талдықорған бағыттары бойынша жүретін автобустар Аягөз қаласында тоқтауға мәжбүр болды. Автобустарда 71 жолаушы болған. Сегіз адам қонақүйге барса, үшеуі туыстарының үйіне, ал қалғаны Аягөздегі спорт мектебіне орналастырылды. Айта кететін тағы бір жайт, қыс басталғалы Аягөзде шамамен 70 автобус қамалған.
Естеріңізге сала кетейік, 17-18 қаңтар аралығында Глубокое ауданы Березовка ауылындағы тас жолдың жабылуына байланысты 20 адам Березовка орта мектебіне орналастырылды. Қамалып қалған жолаушылар үшін ыстық тамақ берілген болатын.