Еңбек адамы: «КЭМОНТ» АҚ командасына қайта оралған шебер
Шығыс Қазақстандағы жетекші электр монтаждау кәсіпорнына өз ісінің хас шебері, тәжірибелі маман Виктор Флит қайта оралды. Ол «КЭМОНТ» АҚ бас директорының кеңесшісі болып тағайындалды.
Виктор Геннадьевич – бұл кәсіпорын үшін бөтен адам емес. 1980 жылдардың басынан бастап, ол өндірістің дамуына зор үлес қосты. Қарапайым қызметтен бастап, техникалық директор дәрежесіне дейін көтерілген ол «КЭМОНТ» АҚ-ның барлық технологиялық процестерін бүге-шүгесіне дейін біледі.
Оның біліктілігі мен жауапкершілігі бүкіл Қазақстан энергетиктеріне жақсы таныс. Көп жылдық тәжірибесі бар кәсіби маман ретінде, ол өндіріс саласындағы күрделі мәселелерді шешуде ерекше қабілетімен танылды.
Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Виктор Геннадьевич туған кәсіпорнына мастер болып оралды. Кейін аға мастер, бас инженер, техникалық директор қызметтерін атқарды. Ол «Қазмырыш», титан-магний комбинаты, Екібастұз ГРЭС сынды ірі өндіріс орындарында жаңа электр жүйелерін енгізуге қатысты. Сондай-ақ, «КЭМОНТ» АҚ-ның заманауи цехтары дәл осы басшының жетекшілігімен салынды.
Әріптестері оны «жауапты, жаңашыл, жалықпайтын маман» деп сипаттайды. «Ол үнемі дамуға ұмтылып, жаңа технологияларды енгізуге ықпал етті. Біз оның туған кәсіпорнына оралуы «КЭМОНТ» АҚ-ның одан әрі дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз» дейді әріптестері.
Виктор Геннадьевичтің тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі кәсіпорынның жаңа белестерді бағындыруына ықпал етпек.
«КЭМОНТ» АҚ баспасөз қызметі