Қазақстанда тазы мен төбеттің кәсіби мерекесі бекітілмек
altainews.kz
Қазақстанда қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбеттің санын көбейту және оларды сақтау мақсатында жаңа кәсіби мереке енгізіледі. Бұл күн жыл сайын 3 қыркүйекте – Қазақы ит тұқымдарының күні ретінде атап өтіледі. Тиісті Үкімет қаулысының жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жобаның түсіндірме жазбасында ХХ ғасырда экономикалық, саяси және идеологиялық факторларға байланысты бұрын кең таралған тазы мен төбет тұқымдарының саны айтарлықтай азайғаны атап өтілген. Осыған орай, мемлекет басшысы бұл тұқымдарды сақтау мен дамытуға ерекше назар аударып келеді. 2023 жылғы 3 қаңтарда қабылданған заңда қазақы ит тұқымдарын қорғау мен өсімін молайту саласындағы құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздер белгіленді.
Үкіметтің мәлімдеуінше, қазақ ит тұқымдарының гендік қорын қорғау, метизациядан сақтау, сондай-ақ олардың халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдануда. Бұл жұмыстардың маңызды нәтижелерінің бірі ретінде 2024 жылдың 3 қыркүйегінде Халықаралық кинологиялық федерациясы (FCI) қазақ тазысын ресми тұқым ретінде алдын ала таныды. Сонымен қатар, Қазақстан тазы тұқымы стандартының ресми иесі мәртебесіне ие болды.
Бұл шешім қазақ тазысын халықаралық деңгейде толық мойындаудың маңызды кезеңі болып саналады. Енді 3 қыркүйек күні қазақы ит тұқымдарының тарихи құндылығын насихаттау мен олардың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара ретінде аталып өтеді.