Головкин бірінші рет тауда жаттықпайтын болды. Неліктен?
Орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) он жылда алғаш рет жекпе-жекке тауда дайындалмайды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы The Athletic инсайдері Майк Коппинджерге SNAC спорттық дайындық орталығының директоры Виктор Конте мәлімдеген екен.
Контенің айтуынша, Головкин он күндік сынама лагерінен кейін Сан-Франциско (Калифорния штаты, АҚШ) шығанағы аумағындағы SNAC базасында толыққанды лагерь өткізбек. Головкин 2010 жылдан бері Калифорния штатындағы Big Bear-де жаттығып келді. Бұл зал теңіз деңгейінен 2064 метр биіктікте орналасқан. Ал жаңа лагерь жазықта тұр. Боксшының физикалық дайындығына жауапты америкалық маман GGG неліктен мұндай шешім қабылдағанын ашып айтпады.
Бокс жанкүйерлеріне белгілі, Конте Андре Уорд, Дэниэл Джейкобс, Деметриус Андраде, Андре Берто, Нонито Донэйр сынды былғары қолғап шеберлерімен жұмыс істеген білікті маман.
Еске салай кетейік, Геннадий Головкин 28 наурыз күні IBF титулының міндетті үміткері Камил Шереметамен (21-0, 5 КО) жұдырықтасады.