KZ
Өскемен
-10°
небольшой снег жел 5 м/с, СБ
519.28 540.05 5.31

ШҚО әкімі: Мал бағу ісіне заманауи өзгерістер енгізу – уақыт талабы

Бүгін, 13:54 76 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданында ұсақ мал басын өсірудегі көрсеткіш өткен жылдың нәтижесі бойынша төмендеп отыр. Бұған себеп ұсақ мал бағуға ниетті жұмысшылардың жоқтығынан екенін аудан әкімі Дархан Жөргекбаев атап өтіп, есесіне ауданда ірі қара мал саны көбейгенін тілге тиек етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінің биылғы жылдағы алғашқы отырысы барысында бірқатар өзекті сұрақтар қозғалды. Талқыланған өзекті мәселелер арасында ауыл шаруашылығы саласындағы кей көрсеткіштерге ерекше назар аударған облыс әкімі мәселенің тамырына үңілді. Ауыл-аудандарда барынша шаруашылықты дамыту көзделіп отырғанда қайсыбір аудан көрсеткішінің ақсауы – мәселе. Ал аудан әкімі болса ұсақ малды өсірудегі басты мәселе – жұмысшылардың жоқтығы деп отыр.

- Қой бағу оңай емес. Қыстаққа барып көрдіңіз бе? Малшылардың тұрмыстық жағдайларын білесіз бе? Нашар. Бірақ оны өзгертуге болады ғой. Ауыл шаруашылығы басқармасы шетелдің озық тәжірибесін игеруі керек. Ұтымды тұстарын мүмкіндігінше мал шаруашылығына енгізу керек. Бір айдың ішінде жұмысшы тарту жолдары мен заманауи жұмыс тәсілдерін енгізу бойынша ұсыныстар беруді тапсырамын, - деп қадап айтты өңір басшысы Ермек Көшербаев. 

Сонымен қатар аймақ басшысы былтыр мемлекетке қайтарылған 120 мың гектар жердің 58 мың гектары мақсатты түрде қолдануға берілгенін айтты. Ұзақ жылдар бойы «Неліктен мал бағатын жер жоқ?» деген мәселе көтерілгенде елді мекендермен іргелес жерлердің барлығы қожалықтар меншігінде екендігі анықталған. Ол, өз кезегінде, қол байлайтын жағдай болды және мақсатты пайдалану мүлде жоқтың қасы еді. Қазір қайтарылған жерлерді ауыл жұрты мақсатты пайдалануды қолға алған.
Бүгінгі таңда мал шаруашылығын дамыту кешенді түрде қарастырылуы маңызды болып отыр. Яғни, жазда - жайылым, қыста - қора-жай сақадай сай болуы, жыл бойғы жем-шөп мәселесі және сол малға қарайтын епті малшыларға жағдай жасау. 
Мәселен, Еуропалық Одақ елдерінде ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау бірыңғай ауыл шаруашылығы саясаты шеңберінде жүзеге асырылады. Оның бес негізгі бағыты бар: ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру, нарықты тұрақтандыру, азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету, фермерлердің лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдері тұтынушылары үшін бағалардың ақылға қонымды деңгейін қамтамасыз ету.
Аталған қадамдар бізде жүзеге асырылмайды емес, бағдарламалар да баршылық. Алайда, ақсап келе жатқаны әр бағыттың өз алдына дамуға, жағдай жасауға талпынуы, жүйенің жоқтығы. Егер бақташының жағдайын жасаудан бастап, өндірілген өнімнің өткізілуіне дейінгі әр кезеңге бірдей назар аударылса ғана мал шаруашылығы өркендеп, ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға сеп болмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу