28-шағын ауданда жарық мәселесі шешіледі
28-шағын аудандағы жарық мәселесі 15 күн ішінде шешімін таппақ. Бұл туралы Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов осы аудан тұрғындарымен кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесу барысында тұрғындар аялдама орнату мәселесін көтерді. Өз кезегінде Алмат Ақышов бұл шағын ауданда жылы аялдама салынатынын айтты.
Сондай-ақ тұрғындар бірінші көшеге мектеп пен жол салу және көше атауларын беру қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, Шығыс кентіндегі №33 мектепке балаларын апаратын ата-аналар жаяу жүргіншілерге арналған жол салуды сұрады. Сонымен қатар үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мен су тасқынының алдын алу мәселелері де талқыланды.
Қала әкімі барлық мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Ажар Мұратқызы
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай