ШҚО-да мультимодальды логистикалық хаб құрылмақ
Шығыс Қазақстан облысында аймақты көршілес елдермен және ішкі көлік дәліздерімен байланыстыратын ірі логистикалық хаб құру жоспарланып отыр. Облыс әкімі Ермек Көшербаев әкімдіктің кеңейтілген отырысында ШҚО-ны мультимодальды орталыққа айналдырудың егжей-тегжейлі жоспарын бір ай ішінде әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жоспар әуежайларды, шекара бекеттерін және жаңа көлік жолайрықтарын қамтуға тиіс.
Аймақтың стратегиялық бағыттарының бірі – Риддер арқылы өтетін жолдың құрылысын салу, ол ШҚО-ны Ресей арқылы Моңғолиямен байланыстырады. Бұл жаңа экономикалық мүмкіндіктердің ашылуына және өңірдің көлік қатынасының нығаюына ықпал етеді.
Логистикалық орталықтың құрылуы жүк тасымалы көлемін айтарлықтай арттырып, жаңа инвесторларды тартып, ШҚО-ның экспорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мультимодальды көлік тораптарын дамытуды тапсырған болатын. Бұл тораптар барлық көлік түрлерінің тасымалдарын интеграциялауға мүмкіндік береді.
Фото: Махаббат Ахметжанова