KZ
Өскемен
-10°
небольшой снег жел 5 м/с, СБ
519.28 540.05 5.31

ШҚО-да шағын және орта бизнесті дамыту: туристік аймақтарды абаттандыру қажеттілігі

Бүгін, 13:03 74 Төлеуғазы Жансая


Шығыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында туристік аймақтарды абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Аймақ басшысы бұл мәселені кеңейтілген әкімдік отырысында көтеріп, инфрақұрылымды жақсарту мен халық үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.  

Облыс әкімінің айтуынша, белгілі бір орынға адамдар жиі бара бастаған кезде ол туристік аймақ ретінде қалыптасады. Сондықтан мұндай жерлерде келушілерге қолайлы жағдай жасау маңызды. Әкім туристік орындарда қауіпсіздік ережелерін де белгілеу қажет екенін айтты. 

– Келушілер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Мәселен, Сібе көлінде көліктердің мұз үстінде жүруі тұрғындарға алдын ала ешкімнің түсіндірме жұмыстарын жүргізбегенін көрсетеді. Ең бастысы, адамдар бұл ережелерді білмеуі мүмкін. Егер шектеу қою қажет болса, тиісті белгілер орнатылып, алдын ала ескерту жасалуы керек, – деді облыс әкімі.  

Туристік аймақтарды дұрыс ұйымдастыру үшін мұздың қалыңдығын өлшеп, төтенше жағдайлар қызметін ескертіп, арнайы трассалар жасап, қажетті қоршаулар орнату қажет. Әкімнің айтуынша, тыйым салу ең оңай шешім болғанымен, бастысы – қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, келеңсіз оқиғалардың алдын алу.  

Облыстағы демалыс орындары жаз мезгілінде де үлкен сұранысқа ие. Әкім халықтың жұмыстан кейін демалатын орын іздейтінін, ал қала маңында суға шомылуға болатын орындар аз екендігін тілге тиек етті. Сондықтан бұл аумақтарды ретке келтіру маңызды. Өткен жылы жақын маңдағы су айдындардың сапасы тексерілген болатын. 
Осыған байланысты әкімдікке көктемде туристік аймақ құрып, жазда іске қосу, сол жерге автобус бағыттарын көбейту, келушілерге көліктерін қоюға жағдай жасау тапсырылды.  

Облыс әкімі Шешек аумағына барып, онда тюбинг тебетін халық үшін жағдайдың жасалмағанына назар аударды. Ол жерде санитарлық-гигиеналық орындар жоқ, бұл – үлкен мәселе. 

–Қазірден бастап алаңды дайындау қажет. Сонымен қатар, көліктер жүретін болғандықтан, техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды, – деді өңір басшысы.  

Әкім туристік аймақтарды абаттандыру шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік беретінін айтты. Оның пікірінше, қызмет көрсету сапасын жақсарту арқылы облыстағы ішкі туризмді дамытуға болады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етіп, өңір экономикасын нығайтады.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу