ШҚО-да бірыңғай бейнебақылау платформасы іске қосылады
Шығыс Қазақстан облысында бейнебақылаудың бірыңғай платформасы іске қосылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл жобаны «Қазтелеком» АҚ-ның өкілдері ұсынып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл халықаралық тиімді тәжірибе және осы уақыта дейін еліміздің өзге қаларына да енгізілген. Жоба бойынша аймақтағы 247 әлеуметтік нысанға 10 476 бейнебақылау камерасын орнату көзделген. Оның ішіне Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен Абай ауданы кіреді.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл ұсынысты қолдап, Риддер қаласынан бастау керектігін айтты.
– Риддер – үлкен қала. Егер жоба ол жерде тиімді нәтиже берсе, өзге қалаларға бұл жүйені енгізу тіптен оңай болады. Дегенмен Курчатов қаласының күрделі инфрақұрылымын ескеру қажет. Мүмкін жобаны екі қалада қатар қолға алатын шығармыз. Оны әлі де ой-талқыға салайық, – деді Даниал Кенжетайұлы.
Облыс әкімі жобаға байланысты аталмыш шаһарларда жұмыс тобын құрып, оны қала әкімдерінің басқаруын тапсырды.
Д.Ахметовтың айтуынша, әрбір қалада бейнебақылау камераларының бір-бір басқару орталығы болуы тиіс. Ал ең үлкен басқару жүйесі облыс орталығында болады.