Бесқарағай ауданында бозбалалардың ойыны қайғылы жағдаймен аяқталды
Бесқарағай ауданында бозбалалардың ойыны қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оқыс оқиға қаңтардың 2-сі күні болды. "Nissan Terrano" маркалы көлікті тізгіндеген 19 жастағы бозбала мəшінінің артына көлік дөңгелегінің резеңке балонын тіркеп алып, оның үстіне 2001 жəне 2002 жылдары туған екі жеткіншекті отырғызып Семей-Долон бағытындағы траспен жүйткіген. Автокөліктің жылдамдығы артқан кезде тіркемені екі жаққа кезек лақтырып, соның салдарынан доңғалақ үстінде отырған екеу жолдың қарсы бетінде келе жатқан "Nissan X-trail" мəшинесіне соғылып, сол жерде тіл тартпай кеткен.
Ал жол талғамайтын көліктің 19 жастағы шопырын Бесқарағай аудандық полиция қызметкерлері уақытша қамауға алды. Қазіргі күні тиісті сараптама жүргізіліп жатыр. Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4 тармағы бойынша, яғни жол жүру ережесін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне əкеліп соқтырған жағдайға байланысты сотқа дейінгі іс қозғалды.