Былтыр елімізде 31 тоннадан астам есірткі тәркіленді
2025 жылы Қазақстанда есірткіге қатысты 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Нәтижесінде трансұлттық сипаттағы 15 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылып, 130-дан астам өңіраралық жеткізу арнасы тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 31 тоннадан астам есірткі заты тәркіленді. Бұл көлем 12 миллионнан астам бірреттік дозаға тең, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің алғашқы бір жылдық қызметінің қорытындысын шығарды. 2024 жылдың қыркүйегінде құрылған комитет заманауи, цифрлық жұмыс әдістерін енгізіп, жасырын және интернет арқылы жасалатын қылмыстарды анықтау тиімділігін едәуір арттырды.
2025 жылы елімізде есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың жаңа жүйесі қалыптасты. Комитет құрылымында киберкеңістік, халықаралық ынтымақтастық және профилактикалық бағыттағы мамандандырылған бөлімшелер жұмысын бастады. Қызметке жедел қызметкерлермен қатар IT-мамандар, медицина және білім беру саласының сарапшылары тартылды. Сондай-ақ ірі интернет-платформалармен тікелей өзара іс-қимыл жолға қойылды.
Жыл қорытындысы бойынша 7 мыңнан астам есірткі құқық бұзушылығының жолы кесіліп, жүзден астам жасырын есірткі зертханасы, оның ішінде ірі өнеркәсіптік нысандар да жойылды. Қабылданған шаралар мыңдаған отбасының қайғылы жағдайға тап болуына жол бермей, миллиондаған адамды тәуелділіктен қорғауға мүмкіндік берді.
Есірткі қылмысына қарсы күресте дрондар да кеңінен қолданылды. Олар қолжетімсіз аймақтардағы заңсыз егістіктерді анықтауға, сондай-ақ қалаларда сенсорлар арқылы жасырын зертханаларды бақылауға және әшкерелеуге пайдаланылды.
Сонымен қатар жыл басынан бастап прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бұл синтетикалық есірткі өндірісінің алдын ертерек алып, қоғам қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.