KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
508.91 594.36 6.33

«Келешек мектептерінің» басшылары мен ұстаздарына әдістемелік көмек көрсету басталды

Кеше, 10:00 61 Ержан Әбіш

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Келешек мектептерін» басқарудың үлгілік моделі ретінде айқындады. Осы бастама аясында 5-8 қаңтар аралығында еліміздің барлық өңірінде Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері базасында педагогтерге арналған біліктілікті арттыру курстары мен мастер-кластар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Курстар барысында физика, химия, биология, информатика, жасанды интеллект бағыттары, мектеп зертханаларын тиімді пайдалану дағдылары, сондай-ақ «Адал азамат» бірыңғай тәрбие беру бағдарламасының әдіс-тәсілдері қамтылуда.

Еліміздің 20 өңірінде өтіп жатқан семинарлар «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» және «Тәрбие экожүйесі: практикалық шешімдер» тақырыптарына арналған. Іс-шараларға 170 «Келешек мектебінен» мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ физика, химия, биология, информатика пәндері, STEAM және робототехника кабинеттерінің шамамен 1700 педагогі қатысып жатыр. Бұл жұмыстар «Келешек мектептерін» тек жаңа ғимарат ретінде емес, мазмұны терең, сапалы білім беретін толыққанды экожүйе ретінде қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде бой көтерді. Қазіргі таңда 170 мектепте оқу процесі басталды. Аталған білім ордаларының аумағы бұрынғы типтік мектептерден 15–20 пайызға үлкен, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Барлық келешек мектептері заманауи пәндік кабинеттермен, STEM-зертханаларымен, робототехника сыныптарымен, коворкинг және спорт залдарымен толық қамтылған.

Негізгі мақсат – оқушылардың тұрғылықты жері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау. Алдағы уақытта «Келешек мектептерінің» стандарттары, әдістемесі мен басқару жүйесі еліміздегі барлық мектептердің дамуына негіз болмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу