Риддерде жаңа аурухана, мектеп және зауыт салынады
Бүгін Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов Өскеменде БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қала әкімі Риддердің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Алдағы уақытта қаланың маңындағы бірнеше елді мекенде жылдамдығы жоғары интернет желісі қолжетімді болмақ.
- Елбасының тапсырмасы бойынша, менің орынбасарларым, мемлекеттік органдардың басшылары, мектеп пен балабақшалардың барлығы әлеуметтік желіде аккаунтттарын ашты. Соның арқасында халықпен өзара байланыс жақсара түсті. Қалалық әкімдікте азаматтарды қабылдау үшін фронт-кеңсе жұмыс істеп тұр. Жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы, сәулет және құрылыс бөлімдері, жұмыспен қамту орталығы жаңа ғимаратқа көшеді, онда да арнайы фронт-кеңселер жұмыс істейтін болады, - дейді қала басшысы.
Ағымдағы жылы Риддердің бес мектебінде IT сыныптар ашылған екен. Роботехника сыныбы мен бейнебақылау камералары қаланың барлық мектептерінде бар. Сондай-ақ, жекеменшік бөбек топтары ашылған.
Биыл көшелерді реконструкциялауға 651 миллион теңге жұмсалған екен. Реконструкция бойынша жұмыстар аяқталып қойған. Ал 2021 жылдан бастап сумен жабдықтау және кәріз жүйелеріне реконструкция жасалмақ.
Қазір облыс әкімінің қолдауымен жаңа аурухана мен мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы бөліну мәселесі қаралып жатыр.
Мектеп 600 орынға арналған. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы осы қараша айында дайын болмақ. Ал құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталады.
Аурухананың құрылысына жалпы 12-13 миллиард теңге мөлшерінде қаржы қажет екен. Қаржының көп бөлігі жаңа құрал-жабдықтарға жұмсалады.
Қазір Риддерде дәрігерлер тапшы. Бұл мәселені шешу мақсатында кәсіби бағдарлау жұмыстары мен бос орын жәрмеңкелері өткізілуде. Қалаға жұмысқа келген медициналық қызметкерлерге баспана берілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, оларға 1 миллион теңге мөлшерінде көтерме ақы төленеді.
Аурухана мен мектептен бөлек, қалада қоқысты қайта өңдейтін зауыт салынады. Ол жерде қоқысты іріктеп, қайта өңдеуден өткен соң кәдеге жаратады.
- Қаламыздағы қоқыс полигоны толып кетті. Осы жылы жабылуға тиіс еді. Жеке кәсіпкер қоқыс өңдейтін зауыт ашу үшін 300 миллион теңгедей қаржы салып отыр, - дейді әкім.